Оралханның 75 жылдығы тойланды

297
көрілім

Шығыс Қазақстан облысында Алтайдың асқақ жазушысы, Мұзтаудың мұзбалағы атанған Оралхан Бөкейдің 75 жылдығы кеңінен аталып өтілді. Глубокое ауданында жазушының рухына арнап ас беріліп, ақындар айтысы өткізілсе, облыстық А.С.Пушкин атындағы кітапханада «Өр Алтайдың кербез жыршысы» атты әдеби–музыкалық кеш ұйымдастырылды. Сонымен қатар ШҚО Драма театрында Оралхан Бөкейдің «Қасқыр ұлыған түнде» драмасы сахналанды.

28-ші қыркүйек – қазақ көркемсөзінің көкжиегін кеңейткен тұғыры биік қаламгер Оралхан Бөкейдің туған күні. Катонқарағай ауданы, Шыңғыстай ауылының тумасы Оралханның биыл 75 жылдығы аталып отыр. Глубокое кентінде жазушының құрметіне арналған мәдени шаралар легі аз болған жоқ. Балалар шығармашылық үйінде Оралхан Бөкейдің «Жылымық» повесінің желісі бойынша көрініс қойылып, соңынан ас берілді. Түстен кейін айтыс аламаны өткізіліп, жиылған қауым от ауызды, орақ тілді ақындардың өнеріне тәнті болды.

Шығыс Қазақстан облыстық А.С.Пушкин атындағы кітапханада жазушының 75 жылдығына орай «Өр Алтайдың кербез жыршысы» атты әдеби–музыкалық кеш өтті. Қонақтар назарына фойеде кітап көрмесі де ұйымдастырылды. Көрмеде жазушының әр жылдары шыққан кітаптарымен қатар өткен ғасырдың 60-70 жылдарында республикалық басылым беттерінде жарық көрген мақалалары топтастырылған.

Бұл күні ШҚО Драма театрында да Мұзтаудың мұзбалағына арналған көрме қойылды. Кешкі сағат 18.30-да Оралхан Бөкейдің «Қасқыр ұлыған түнде» драмасы өнерсүйер қауымға жол тартты.

– Ел болып еске алып, құрмет тұтатын, белгілі драматург, жазушы Оралхан Бөкейдің 75 жылдығына орай қойылған бұл қойылым өмірдің өзінен алып жазылған шындық, – дейді ШҚО Драма театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі Шолпан Лақаева, – «Ақылшым – туған жер, ұстазым – тәкаппар да қатал Алтай. Жаһанда саған жетер салтанатты жер жоқ» деп аса зор сүйіспеншілікпен жазған Оралхан Бөкейдің драмалық шығармаларында заман тынысы, адами құндылықтар келісті кескінделеді. Автордың әр шығармасы туған жеріне деген махаббатынан туындайды.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ