Өңірімізде орын алған ономастикалық өзгерістер қарқыны қандай?
Соңғы уақытта өңірімізде елдімекен мен көше атауларын өзгерту үрдісінің қарқын алғаны көпшілікке мәлім. Облысымыздың солтүстік бөлігінде орналасқан аудан, қалалар біртіндеп кеңестік идеологияның салдарынан арыла бастады. Бір кездері белең алған "Атамның атын — ауылға, көкемнің атын — көшеге" дәстүрін шектеген мораторий болғанына қарамастан, шектен тыс саясиланған атаулар заманға сай өзгеріске ұшырауын жалғастыруда. Мұның бір көрінісі, өткен аптада облыс орталығында өткен қоғамдық кеңестің отырысы болды. Бір дегенде 27 көше мен бір саябақтың атауын өзгерту жөнінде ұсыныс түсіп, белгілі тұлғалар Шәкәрім мен әл-Фарабидің есімдері қаланың ортасынан ойып тұрып орын алды.
Атқарар жұмыс әлі алда
Өңіріміз соңғы бірнеше жылдан бері рухани жаңғыруға шындап бет алғандай. Бұлай деуімізге себеп те жоқ емес. Тоқсан сайын өтетін ономастикалық комиссия отырысына топ-тобымен келіп түсетін ұсыныстар өңіріміздің елдімекен, жер-су және көше атауларына бірқатар өзгерістер енгізуде. Десек те, Ленин мен Комсомолдан құтылуды жөн санаған жұртшылық ұсынысы бірауыздан қолдау тапты деп айта алмаймыз. Орын алатын өзгерістер жайын газеттен оқып-білгенін алға тартқан кейбірі «шенеуніктер бізбен санаспады» деп шала бүлінуге дейін барып жатқаны бар. Мұны жергілікті жерлердегі қоғамдық кеңеске келіп атой салған "ағайыннан-ақ" тануға болады.
Дегенмен, жаңадан бой көтерген шағын аудандардағы шалғай жатқан шет көшелерге берілген қазақ халқының бетке ұстар азаматтары мен тарихи тұлғаларының есімдері атына заты сай емес. Жалғыз Өскемен қаласының өзінде 600-ден астам көше бар. Оның 20 пайызға жетер-жетпесі қазақша атауға ие. Ал бүгінде бұқаралық сипат алып, халық бастамасымен өзгеріске ұшырап жатқан киелі Семейде жағдай сәл өзгеше: империалистік және кеңестік кезеңде орысша аталған мыңға тарта көше "біртіндеп" қазақшалануда. Біртіндеп деп айтуымыз да тегін емес. Өйткені әр отырыста бірнеше көшенің атауын ғана дауысқа салатын қалаулылары Өскемендегі — 600, Семейдегі - 1000 көшенің атауын қашан ауыстырып бітпек? Қазағы аз Зырян, Риддер қалаларын айтпағанның өзінде, бүгінде қаракөзінің саны ауқымды болып қалған Өскемен мен Семей қалалары үшін қаншама бесжылдықтар мен онжылдықтар қажет?
Қалай дегенмен өзгерістер легі кеңестік идеологиясы жыпырлаған Өскеменнің орталығын жанай өтуде. Бұлай дейтін себебіміз сеңді қозғаған сыңай танытқан соңғы өзгерістер қала орталығындағы қазаққа мүлдем қатысы жоқ Кировтың, Орджоникидзенің, Микоянның есімін әлі де ала алмай отыр. Елімізде 7 жыл қатарынан болған мораторий де бұған өз септігін тигізгені рас. Оның үстіне елдімекенде көшенің атауын ауыстыру дауыс беру арқылы жүргізіледі. Бұл өз кезегінде осы көше тұрғындарының қарсылығына тап болып жатады.
Өзгерістер легі
Десек те, батыл қадамдардан кенде емеспіз. Соңғы жарты жылда облыс орталығындағы Карл Маркс даңғылы — Қазбек би болып өзгертілсе, енді міне орталықтағы Ворошилов көшесіне қазақтың біртуар перзенті, ақын, философ Шәкәрім Құдайбердіұлының есімі беріліп, бұдан былай даңғылға айналдыру жөніндегі ұсыныс қабылданды. Сонымен қатар, қаланың жаңадан бой көтерген жағындағы 20-шы шағын ауданды қаламен бөлетін екі шақырымдық даңғылға шығыстың белгілі ғұламасы Әбу-Насыр әл-Фарабидің есімі берілмек.
Қоғамдық тыңдау барысында тың тарихы бар теміржолшыларға Өскеменнен бір де бір көшенің атауы бұйырмағаны белгілі болды. Мұны еңбек сіңірген қарт теміржолшыдан бастап, паровоздың құлағында ойнаған жас машинистеріне дейін құптап отыр. Осы себепті, Защита тұрғын ауданындағы орталық көшелердің бірі Лениногорская көшесін — Теміржолшылар атауына өзгерту ұсынылды. Сондай-ақ халық қалаулылары ЖМК шағын ауданындағы Комсомольская көшесін - Жастар, Питер Коммунарлары көшесін - Лев Толстой есімімен атауды жөн деп тапты. Бұдан бөлек Жастар саябағы (бұрынғы Киров) белгілі партизан жазушы Қасым Қайсеновтың есімімен аталады.
Сонымен қатар қаланың 20-шы тұрғын ауданның ішіндегі алты көшеге белгілі хоккейші Борис Александровтың, жазушы Анатолий Ивановтың, жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте батырлығымен ерекшеленген Байқошқар батырдың, Еңбек Даңқы орденінің толық кавалері Қайырбек Айжігітовтың, дәрігер Андрей Кошкаровтың, педагог Құсайын Жаманбаевтың есімдерін беру ұсынылды. Ал адам аттарынан алшақ болуды қалағандары қалған 23 көшеге орналасуы мен географиялық атауларға байланысты Ақбауыр, Толағай, Жерұйық, Өсиет, Ақжол, Шапағат, Думан, Қазына, Үркер, Арасан, Аялы, Ақшоқы, Саламат, Серпін, Қанағат және Балауса сияқты атаулармен әспеттемек.
Қоғамдық тыңдауда қалалық мәслихат депутаттары бірауыздан қолдаған ұсыныс ендігі кезекте облыстық ономастикалық комиссияда қаралып, Елордаға жолданады.
Құжаттары дайындалуда
- 2018 жылдың 15 маусымында өткен облыстық ономастикалық комиссиясында Өскемен қаласындағы Жекпе жек сарайынажауырыны жерге тимеген белгілі қазақ палуаны Қажымұқан Мұңайтпасовтың, политехникалық колледжге осы білім ордасының ашылуына мұрындық болған Естай Жүрсіновтың, сондай-ақ Шемонаиха ауданының Волчанка ауылындағы Киров орта мектебіне Мұхтар Әуезовтың, ал Бородулиха ауданындағы Киров орта мектебіне Ыбырай Алтынсариннің, Островский орта мектебінен бөлініп шыққан қазақ мектебіне Әлихан Бөкейхановтың есімдерін беру туралы ұсыныстар қаралып, құпталды, - дейді облыстық Тілдерді дамыту басқармасы ономастикалық жұмыс және талдау бөлімінің басшысы Роза Төлемісова. - Сонымен қатар, Семей қаласындағы Полковничий аралына ұсынылған — Бейбітшілік, орталықтағы Ленин көшесіне — Мәңгілік ел атауларының республикалық ономастикалық комиссиясының оң қорытындысына ие болуын ауыз толтырып айтуға болатын жетістіктердің бірі деп санауымызға болады. Енді бізге келіп бірлескен облыстық әкімдіктің қаулысы мен облыстық мәслихаттың шешімі шыққан соң Әділет департаментінде тіркейміз.
Роза Әшімханқызының айтуынша, бүгінде үкіметте Шығыс Қазақстан аумағындағы төрт мектептің атауын өзгерту жөніндегі қаулы дайындық үстінде көрінеді.
- Сәтін салса өңіріміздегі төрт мектеп жақын арада шектен тыс саясиланған атаулардан арылады, - дейді бөлім басшысы. - Атап айтсақ, Ұлан ауданының Восточное ауылындағы Қазанның 17 жылдығы атындағы орта мектебіне Мұхтар Әуезовтың есімі берілсе, Өскемен қаласындағы бір мектептен Крупская, Жарма ауданының Қаражал ауылындағы Шевченко, Салқынтөбе ауылындағы Маяковский мектептерінің шектен тыс саясиланған атауы алынып, бұдан былай жай ғана елдімекен атауымен аталатын болады.
***
Соңғы уақыттағы өзгерістер қалай десек те қомақты. Өскемендегі Карл Маркс даңғылының — Қазбек биге, Ворошилов көшесінің - Шәкәрімге, Комсомол көшесінің — Жастарға, Лениногорская көшесінің — Теміржолшыларға, Жастар (бұрынғы Киров) саябағының — Қасым Қайсеновке, Жекпе-жек сарайының — Қажымұқан Мұңайтпасовқа, Семейдегі Ленин көшесінің — Мәңгілік елге, Полковничий аралының — Бейбітшілікке, №1 олимпиадалық резервтегі мамандандырылған спорт мектебінің атауы — Жақсылық Үшкемпіровке өзгертілуін бір асудан асқанымыз деп білеміз. Бұл жерде облыстық және жергілікті жерлердегі ақсақалдар мен ардагерлер алқасының, облыстық соттың, түрлі кәсіпорындар мен "Алтай асу" қоғамдық бірлестігінің жұмыстары ауқымды болды. Ендігі кезекте жоспарлы істер әрі қарай жалғасын тауып, аталмыш көшелер атына заты сай қалыпқа келтіріліп, мүмкіндік болса көшелер мен нысандарды, саябақтарды біртуар тұлғалардың есімдері ғана емес, сондай-ақ олардың ескерткіштері де әрлендіріп тұрса деген ойдамыз. Өйткені мұндай мысалдар қаламызда аз емес. Борис Александров атындағы Спорт сарайының алдындағы белгілі хоккейшінің, сондай-ақ А. Протозанов сияқты обкомның бірінші хатшысының мүсіні сияқты Жекпе-жек сарайының алдында да Қажымұқан атамыздың зілтемір көтерген, я болмаса жаттығу үстіндегі алып мүсіні қойылса нұр үстіне нұр болар еді...
Азамат ТЕМІРБЕКОВ
Фотосуретке: Қажымұқан Мұңайтпасұлының есімі Жекпе-жек сарайына берілмек