Осинов асуының жолы келер жылы да жөнделіп бітпеуі мүмкін

1421
көрілім
Фотосурет ашық дерекккөзден

Ресми мәліметтерге сүйенсек, жөндеу жұмыстарын жүргізетін мердігер ұйым әлі анықталмады. Сайт оқырмандары осыған дейін бірнеше хабарласып, «Өскемен – Алтай – Үлкен Нарын – Катонқарағай – Рахман қайнары» көлік жолының әбден титықтатып, жұмыс неге орта жолдан тоқтады деген сауалды сан рет қойған еді. Жуырда соған қатысты тағы бір тың мәлімет жария етілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Ең алдымен, осы бойынша «Қазавтожол» ҰК АҚ-ның ШҚО бойынша филиалы директорының міндетін атқарушы Олжас Ахметовтің берген ресми жауабын ұсына кетейік.

– Қазір Пихтовка өзені арқылы өтетін көпір құрылысының тоқтатылуына байланысты учаске жабылды. Сондай-ақ 72-нші және 88-інші шақырымдар аралағындағы учаскеде 15,6 шақырым жол жөнделуі тиіс болатын. Оның 9,9 шақырым толық жөнделіп, көлік қозғалысы қалпына келді. Қазіргі уақытта мердігер ұйыммен жасалған келісімшарттың бұзылуына байланысты учаскедегі жұмыстар тоқтады, – деген еді жауапты тұлға.

Бұл алғашқы ақпараттардың бірі. Содан кейін жұмыс қайта жалғасып, үміт ұшқыны тұтана түскен болатын. Содан тағы да тоқтап, мұның жаңа бір себебі анықталды. Осинов асуын айналып өтетін жол мемлекеттік орман алқабын басып өтуі тиіс болды. Осы себепті де жаңа трасса маңында техникалар қаңтарылып тұрды. Кейін бұл мәселе шешімін тапқандай еді, көпшілік ерте қуанған екен. Орман қорының жері Көлік басқармасы жеріне өткені сол екен, қаңтарылып тұрған техникалар қауырт жұмыспен қош айтысып кетті.

«Қазавтожол» ҰК АҚ-ның ШҚО бойынша филиалы ұсынған мәліметке сүйенсек, жолды жөндеп бітетін мердігерді анықтау үшін конкурстық рәсімдер екі рет өткізілген. Бірақ істі соңына дейін жеткізетін ұйым сол күйі нақтыланбады.

Осындай ырың-жырың жалғасып жатқанда жоба қымбаттап үлгерді. Сметалық құжаттамаға түзетулер енгізу қажеттілігі туындады. Шенеуніктер түзеп те қойды мұны. Енді осы түзету бойынша мемлекеттік сараптама өткізілуі тиіс. «Қазавтожол» өкілдері бұл әрекетттің екі айға созылатынын жеткізді. Ал тағы бір мәрте мердігер ұйымды анықтау жағына келсек, бұл 2023 жылдың бірінші тоқсанында өткізілетін көрінеді.

– «Өскемен – Рахман қайнарлары» бағытындағы жөнделіп жатқан бөлікте Пихтовка өзені арқылы көпір салу және асфальтбетон төсемін салу, жолдағы түрлі жұмыстарды ескерсек, жолды жөндеп бітуге бір жылдан астам уақыт керек, – деді «Қазавтожол» ҰК АҚ-ның ШҚО бойынша филиалындағылар.