Өскемен экологиясы соңғы 10 жылда күрт нашарлады – Архат Бейсембаев

1209
көрілім

ШҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі превенция басқармасының басшысы Архат Бейсембаев Өскемендегі ауаның соңғы жылдары зиянды элементтерге толы, әрі соған сәйкес шаралар уақтылы қабылданбай жатқанын айтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жауапты тұлға өз баяндамасында олқылықтар неге жиі байқалатыны туралы бірнеше мысал келтірді. Соның бірі – Экология департаменті басшылығына қатысты жемқорлық тәуекелдерінің анықталуы. Архат Абжатұлының айтуынша, ШҚО Экология департаменті басшысының орынбасары Н.Т. Сейтеноваға қатысты қылмыстық іс тіркелген. Нақты айтсақ, экологиялық заңнаманы бұзу бойынша жауапкершілікке тартпағаны үшін ақшалай сыйақы алғаны еліміздің Қылмыстық кодексінің 190-бабы, 3-тармағына сәйкес тіркеліп, іс қазір сотта қаралып жатқан көрінеді.
– Өскемен экологиясы соңғы 10 жылда күрт нашарлады. Жүргізілген сыртқы сараптамаларға сәйкес өңірдегі ауа сапасының нашарлауының бірнеше себебі анықталды. Алғашқысы – өндірістік кәсіпорындардың қызметіне байланысты сылбырлыққа басу. Олар тек қолайсыз метеорологиялық жағдайдың барын айтумен ғана шектеледі. Екіншіден, өндірістегі технологиялар ескірген. Мәселен, Өскемендегі жылу электр орталығы (ЖЭО) сонау 1947 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бүгінге дейін ол жерде қайта жаңғырту жұмыстары жүрігізлмей жатыр. Мұның себебі – аумақта сүзгілік құрылғы орнатуға деген мүмкіндіктің жоқтығы. Үшіншіден, өңірдің көмірге деген тәуелділігі. Энергетика басқармасы ұсынған ақпаратқа сәйкес Өскемендегі жекеменшік және өндірістік сектор жыл сайын 2,2 тонна көмір тұтынады, – деді Архат Бейсембаев.
Осыны айтты да Экология департаментінің материалдық-техникалық жабдықталуына тоқталды. Белгілі болғандай, ведомость сараптамасы тиісті аспаптардың бір бөлігінің 2001 жылдан бері қолданыста барын, яғни 88 пайызға ескіргенін айтты. ЖЭО аумағында жағылатын отынның да сапасы төмен екенін жасырмады.
– Бәрінен бұрын осының барлығы тұрғындардың лас ауаны жұтуына әкеледі. Өскемен десе атмосфералық ауаның бұзылғаны көз алдымызға бірден келеді. Онкологиялық аурулардың көбі дерлік ауаның ластануына байланысты асқынып жатады. Ал медициналық мекемелер күні бүгінге дейін тыныс алу жолдарының химиялық күйігін сырқат ретінде мойындамай жатыр. Дәл осындай симптомдармен жүгінген тұрғындарға көбінде тұмау, болмаса ЖРВИ деген диагноз жапсырып жатады, – деді Архат Абжатұлы.