Өскемен қаласында несие ұйымының қызметкеріне шабуыл жасалды

349
көрілім

Қалалық кезекші полиция бөліміне 21 жастағы бойжеткенге шабуыл жасалды деген қоңырау келіп түскен. Оқиға Назарбаев даңғылы бойындағы жекеменшік мекемеде орын алды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Жәбірленушінің айтуынша, жұмыс орнында отырған уақытта тұтынушы ер адам келіп әжетханаға сұранған. Әжетханадан шыға сала пышақпен қорқытып, сейфті ашуын талап етеді. Сол қолымен қызды мойнынан қылқындырып, оң қолында суық қаруды ұстаған. Сол сәтте кілтті тауып алып, 130 мың теңге ақшаны алып кеткен. Бұған қоса, екі ұялы телефон мен күзет дабылының пультін алып, шығаберісте алған заттарын қоқыс жәшігіне лақтырып кеткен.

– Жедел-іздестіру шаралары барысында 26 жастағы күдікті қолға түсті. Ұсталған уақытта тонаған ақшасының көп мөлшерін жұмсап үлгерген. Қазір айыпталушы уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деп хабарлады ШҚО ПД баспасөз қызметі.