Өскемен қаласында өлтірілген екі жігіттің туысқандары кінәлілер жазасыз кете ме деп күдіктенеді

1334
көрілім

Үстіміздегі жылдың 14 мамыр күні облыс орталығында 23 жасар екі жігітке қатыгездікпен шабуыл жасалды. Соққыға жығылғандардың бірі оқиға орнында қаза болса, көптеген пышақ жарақатын алған екіншісі бір аптадан соң ауруханада көз жұмды. Қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 19 жасар жігіт қамауға алынды, алайда қаза болғандардың туыстары қылмысқа қатысы бар басқа да үш азаматтың қазіргі уақытта бостандықта жүргенін алға тартуда. Өткен екі айда тергеу амалдары орнынан қозғалмағандықтан туыстары күдіктілердің жазадан мүлдем жалтарып кетуінен қауіптеніп отыр, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Айнала қанға бөкті

Тлек Семсерхан мен Жасұлан Құмарбеков айырылмас достар болатын. Олар бар болғаны 23 жаста еді. Екеуі де спортпен айналысқан. Тлек ауылдық футбол командасы құрамында ойнады. Жасұлан болса әскер қатарында борышын өтеп келді. Екеуі де болашаққа үлкен мақсат қойып, Жасұлан жаңа жұмысқа шығып, Тлек университетке түсуді мақсат тұтып жүрді. Алайда, барлығы бір сәтте көзден ғайып болды.

14 мамыр, жесенбі күні, таңғы сағат төрт шамасы болатын. Жасұлан мен Тлек «Металлургтер» саябағының жанындағы дәмханалардың бірінен қайтып келе жатқан еді. Екеуі Виноградов көшесіндегі үйлердің аулаларымен жүріп келе жатқан. Дәмханадағы көрші үстелде отырған төрт жігіт ілесе шығып, олардың ізімен жүрді.

Оқиғаның ары қарайғы барысын туғандары мен полицияға аурухана төсегіне таңылған Тлектің өзі егжей-тегжейлі айтып берді.

Телефонмен сөйлескен Тлек біраз жерге озып кеткен еді. Кенет арт жағынан айғай-шу естіледі. Артына қараған ол досын төрт жігіттің ұрып жатқанын көреді, – деді көзіне жас алған Жасұланның анасы Гауһар Қайырбаева. Тап бергендердің бірі ұлыма пышақ сұғып, жерге құлатады. Тлек жаралы досына көмекке ұмтылғанымен, күштері тең болмады. Төбелес кезінде ол алты пышақ жарақатын алды. Шабуыл жасағандар балаларымыздың телефондары мен 20 мың теңгелерін алып тайып тұрады.

Қызыл қанға боялған екі жігітті сол жерден кездейсоқ өтіп бара жатқан қыз бен жігіт көріп, «Жедел жәрдем» шақырады. Күре тамырдан жараланған Жасұлан қанның көп кетуі салдарынан оқиға орнында көз жұмса, Тлек жедел түрде ауруханаға жеткізіледі.

Ұлым мерт болған күні өмірімнің мәні жоғалды, алайда қылмыс болған жердегі көріністі ұмыта алмаймын, – дейді Гауһар Қайырбаева. – Жер беті, ағаштар, маңындағы көліктер түгел қызыл қанға боялған. Түсініңіздерші, ол жерде нағыз қанды қырғын болған! Тіпті қылмыс орнындағы іздер екі ай бойы айшық болып жатты…

«Айфон» мен басқа да жай-жапсарлар

Полиция қызметкерлері төбелеске қатысы бар төрт күдіктіні ізін суытпай тауып, Айболат К., Жандос А. мен Емил Ж. Есімді үшеуін мән-жайды анықтағанша деген мақсатпен босатады. Басқаша айтқанда, жігіттердің қылмысқа қатысы жөніндегі айғақтар қажет еді.

Тек біреуі ғана, яғни Жеңіс Т. есімді жігіт қамауға алынады. Оған қатысты «Адам өлтіру» және «Бұзақылық ниетпен денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру» баптары бойынша іс қозғалды.

Күдікті ретінде жауап алынған жас жігіт кінәсін толық мойындады, – деп хабарлады ШҚО ІІД баспасөз қызметі. – Күдікті тұрып жатқан пәтерден қоңыр дақтары бар пышақ пен Құмарбековтың анасы ұлына тиесілі екенін таныған «Айфон 5« табылды.

Жігіттердің не себепті шабуылға ұшырағанын тергеу амалдары анықтауы қажет, алайда қаза болғандардың тусқандары көпқабатты үйдің ауласындағы қанды төбелестің кездейсоқ болмағанын айтады.

Екеуінің соңына әдейі түсіп, алдын ала ойластырылған түрде қасақана шабуыл жасаған, — дейді Тлектің үлкен апайы Жанаргүл Саманбетова. – Өйткені дәмханадан шыға бере іздеріне түскен. Тлек оқиға барысын баяндағанда дәмханада келіспеушіліктің орын алғаны жайында айтқан жоқ. Дәмханада дау-жанжал болмаса не себепті олар біздің балалардың соңына түскен? Біз қаскөйлер Жасұлан мен Тілекті тонау үшін шабуыл жасаған деп топшылаймыз, өйткені олар екеуінің дәмхана ақысын төлегенін көріп, олардың ақшалары бар екенін байқаған.

Барлығы үшін бе?

Ауыр жараланған Тлек Семсерхан бір аптада үш отаны бастан кешіріп, 21 мамыр күні №1 аурухананың жансақтау бөлімінде көз жұмды. Осыған орай Т. есімді азаматқа қатысты қозғалған қылмыстық іс «Абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру» бабына өзгертілді. Егер 19 жасар күдіктінің кінәсі дәлелденсе, ол қазіргі жасына парапар мерзімге абақтыға жабылуы мүмкін.

Дегенмен, Жасұлан мен Тлектің туысқандары екеуінің өліміне тұтқындалған азаматтың үш досының да қатысы барын алға тартады.

Мен бір ғана адамның екі спортшы жігітті алып ұрды дегеніне сенбеймін, – дейді Гауһар Қайырбаева. – Сонда бір ғана достарының екі жігітпен пышақтасып төбелесіп жатқанын қалған үшеуі сырттай бақылап тұрғаны ма? Меніңше олар Т-ның бар кінәні өз мойнына алуына келісіп алған. Өйткені бір ғана адамның жазасы топпен жасалған, әрі алдын ала келісілген қылмыстан гөрі жеңіл болатыны анық. Бұл басқалардың көңілдеріне жақса да, біз келіспейміз.

Жігіттердің туыстары екі ай бойы тұтқындалған жігіт пен қалған үш досының түсініктемелеріне тергеудің сыни көзбен қарауы үшін барын салуда.

Қазір олар қажет сәтін жасырып, ал полицейлер болса «егер олар мойындамаса не істейміз?» деп ауыздарын құр шөппен сүртіп отыр. Естудің өзі ұят! Егер солардың сөзінің салмағы болса неге Тлектің ауруханада берген түсініктемесін назарға алмайды? – дейді бұл уәжбен келіспеген Гауһар Қайырбаева. – Не себепті оның төрт қаскүнем туралы айтқанын есепке алмады?

Анықтау төбелесті көрген куәгерлердің болмауымен де қиындап тұр. Барлығы демалыс күннің таңғы уақытында, адамдар ұйқыда жатқанда, әрі видеобақылаумен жабдықталмаған аулада орын алған.

«Жедел жәрдемді» шақырған адамдар төбелесті көрмеген, – деп түсіндірді Жанаргүл Саманбетова. – Олар тек жігіттер қансырап жатқанда ғана байқаған.

Жасұлан мен Тлектің туыстары бастапқыда күн сайын оқиға орнына келіп куәгерлерді сұрастырумен болды. Подъезд алдында отырған әжейлерден, балконға шыққан ер адамдардан сұрады. Кез келген ақпарат пайдалы еді, алайда адамдар тек басқалардан естігенін ғана айтумен болды…

Жай ғана бұзақылық

Қаза болған жігіттердің ата-аналары прокуратураға жүгінді. Қадағалау органы істі өз бақылауына алатынын айтып сендірді. Екі ай мерзім өткен соң ғана Жасұлан мен Тлектің ісі орнынан қозғалғандай болды.

Үш күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 293-бабының екінші тармағы (Бұзақылық, адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаса) бойынша сотқа дейінгі анықтау шаралары басталды, – деп хабарлады ШҚО ІІД. – Оларға қатысты қандайда бір шаралар қарастырылған жоқ.

Бұл Тлек пен Жасұланның туыстары балаларының өліміне кінәлі деп санайтын қаскөйлер қалада жайбарақат жүре алады дегенді білдіреді.

Олар қатыстарының жоқ екенін, тіпті Т-ның пышақпен адамдарды жаралағанын көрмегендерін, ал оның қолындағы пышақты төбелестен соң ғана байқағандарын айтады, – дейді Гауһар. – Бірақ оның пышақпен қаруланғанын үш танысының бірдей көрмегеніне мен сенбеймін. Тлекке алты рет пышақ салғанын да, менің ұлымның қансырап жерде жатқанын да көрмеген бе? Олардың айтқан сөздері негізінде бұл әрекеттеріне неге дәрменсіз адамды қауіпті жағдайда қалдыруға жатқызбайды? Адамның қансырап жатқанын көре тұрып көмектеспегені бұзақылықтан да асып түседі. Біз тергеу амалдары кәсіби жағынан өте әлсіз жүргізілуде деп санаймыз.

Туыстары тағы бір оғаш жағдайға көңіл аударып отыр. Күдіктіден Жасұланға тиесілі «Айфон» табылғанымен, ШҚО ІІД жеке мүлікке байланысты қылмысқа қатысты сотқа дейінгі анықтау шараларының жүргізіліп жатқаны туралы айтпады. Бірнеше күн бұрын анықтау мерзімі тергеу эксперименттері үшін ұзартылды. Мүмкін осы шаралар қылмыстың жаңа жақтарын анықтауы мүмкін.

Кешірім жайлы сөз жоқ

Тлек пен Жасұлан Күршім ауданы Теректі ауылының тумалары. Күдікті мен оның достары да осы ауылдың тумалары.

Алайда біздің балалар олармен жақын таныс болмаған, – дейді Жанаргүл Саманбетова. – Өйткені олар тым жас еді. Білуімше, олардың ең кішісі 2000 жылы дүниеге келген. Ал ең үлкені 20 жаста. Жас айырмашылықтары бес жыл болғандықтан, таныстықта рөл ойнайтыны да анық.

Тлектің апайының айтуынша, тергеу амалдары кезінде күдіктілердің бірде бірі хабарласып, қаза болғандардың туыстарынан кешірім сұрамаған көрінеді.

Бұзақылардың өздері, не болмаса олардың ата-аналары бізбен байланысқа шыққан жоқ, – дейді Жанаргүл.

Оның айтуынша, күдіктілер жауаптарын үнемі өзгертіп отырған.

Жауап алу кезінде олардың барлығы Тлек пен Жасұланды ұрып соққандарын айтып, артынша сөздерін қайтып алған, – дейді Жанаргүл. – Енді бір ғана адам кінәлі болып шықты…

Қаза болғандарың туыстары бұл істің анық та әділетті қаралғанын қалайды.

Біз барлық кінәлілердің тиісті жазасын алғандарын қалаймыз, – дейді Гауһар Қайырбаева. – Олай болмаған күнде о дүниеде қыршын кеткен екеуінің де, бұл дүниеде біздің де жанымыз жай таппасы белгілі.

Амал қанша, 7 шілде күні Тлек Семсерхан 24 жасқа толса, 12 қазан күні Жасұлан Құмарбеков 24-ке толған туған күнін атап өтер еді…

Ринат ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ