Өскемен қаласындағы жануарлар саябағында сілеусін қызбаланың қолын тістеп алған болуы мүмкін

525
көрілім

Өскемен қаласындағы жануарлар саябағында 10 жастағы қызбаланың қолын сілеусін тістеп алған, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Оқиға мамырдың 26 күні орын алды. Өскемен қаласы тұрғыны Сол жағалауда орналасқан зообақта қызымен серуендеуге шыққан. Кенет ойынға берілген бала анасынан алыстап кетеді.

– Кенет қызымның саусағын жаралап алып, жылап тұрғанын көрдім. Ол маған жыртқыш аң тұрған торға қолын сұққан кезде, сілеусін тістеп алғанын айтты, – деді зардап шеккен жеткіншектің анасы. – Қызым саябақтың алғашқы көмек көрсету пунктіне жеткізілді.

– Біз бұл жағдайды тіркеуге алдық – дейді аймақтық табиғи-ландшафтық және сәулет-этнографиялық мұражай-қорығының баспасөз хатшысы Алла Доценко, - Алайда, қызды жыртқыш аң тістеп алды деп кесіп айтуға болмайды. Анасы бұл сәтті өз көзімен көрген жоқ. Қазір біздің қызметкерлер болған жағдайды куәгерлердің көмегімен анықтауда.

Егер қызды сілеусін тістеп алғаны расталса, мұражай-қорық қызметкерлері жануардың дені сау және уақытында екпе жасалғанын дәлелдеп беруге даяр.

Талғатжан МҰХАМЕТБЕКҰЛЫ