Өскемен қаласының тұрғыны бір жарым айда 8 үйді тонап кеткен

311
көрілім

Оңай олжаға кенелмек болған еркек заңсыз жолға бет бұрған. Жер үйлерге тонауға түскен ол ақша мен зергерлік бұйымдарды жымқырып, ізін суытып отырады. Тіпті бір рет оның табысы 1,5 миллион теңгеге дейін жеткен. Бұл жайлы Өскемен қалалық №2 сотының іс-материалдарынан белгілі болды.

Кезінде заңды белден басқаны үшін 5 жылға түрмеге отырып шыққан Анатолий Николаев (аты-жөні өзгертілген) темір тордың арғы жағында еш сабақ алмапты. Тұрақты жұмысы болмаған ер адам ақша табу үшін үй тонамаққа бел байлаған. Қала іргесіндегі жер үйлердің біріне түскен Анатолий үй иелерінің жоқтығын пайдаланып 200 мың теңгеге бағаланған зергерлік бұйымдар мен 150 мың теңге ақшаны ұрлап кетеді. Қолға түсірген алтын жүзік, білезік пен алқаны ломбардқа өткізіп, түсірген пайдасын жеке қажеттіліктеріне жұмсаған. Жасаған қылмысына жаза көрмеген ер адам, құныға түсіп, тағы да жер үйлерді торуылдай бастайды. Бірде ол жер үйлердің бірінен 1 жарым миллион теңге тұратын зергерлік бұйымдарды жымқырып, ізін суытқан. Бір айдан астам уақыт ішінде 8 үйді тонаған Анатолий үй иелеріне 3,6 миллион теңге мөлшерінде материалдық шығын келтіреді.

Осыған байланысты сот ісі Өскемен қалалық №2 сотында қаралды. Сот барысында айыпталушы өз кінәсін толықтай мойындаған. Сот үкімі бойынша бұрын сотты болған Анатолий Николаев 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сотталушы өз жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары түзеу мекемесінде өтейтін болады. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ