Өскемен қаласының тұрғыны құрбысының үйінде ұйықтап жатқан ер адамды пышақтап тастаған

110
көрілім

Қолына бір бөтелке шарап алып құрбысына келген еркек бірге демалуға ұсыныс білдіреді. Әңгімелері жарасқан екеуі шараптан ұрттап көңілді отырған. Кенет ер адам басқа бөлмеге кіріп барса ұйықтап жатқан бейтаныс біреуді көреді. Сол кезде ашуға булыққан ол ас үй пышағына қарай жүгірген, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Николай Григорьев Людмила Ростованы (аты-жөндері толықтай өзгертілген) бұрыннан таниды. Олардың ара-тұра бас қосып, әңгіме-дүкен құратындары бар-тұғын. Оның үстіне екеуі де бір-біріне кетәрі емес.

2019 жылдың қаңтар айының ортасында Николай сол құрбысының есігін қағып, «далаға шығып серуендеп қайтпадық па?» деп ұсыныс жасайды. Ер адамның қолында виносы да бар еді. Людмила көп ойланбай келісімін берген. Кешкі уақытта далаға шыққан олар ауладағы орындықтардың біріне жайғасып, шараптан ұрттап отырады. Күн қараңғы. Дала суық. Жаурай бастаған әйел Николайды үйіне шақырған.

Сөйтіп, екеуі үйде әңгімелерін жалғастырады. Біраз уақыттан соң ер адам әжетханаға бара жатып көрші бөлмедегі төсекте ұйықтап жатқан белгісіз біреуді көріп қалған. Николай өз көзіне өзі сенбеді. Үйде Людмила екеуі ғана деп ойлаған. Сөйтсе, басқа бөлмеде бөтен еркек жатыр!

Бұған намыстанған өскемендіктің қаны басына шапшыды. Оның бұлқан-талқан болғаны сонша, Людмилаға ләм-мим деместен ас үйге барып қолына пышақ алған. Жаңағы шырт ұйқыда жатқан ер адамды қолмен түртіп емес, ішіне пышақ сұғып оятады.

Соңынан сот медициналық сараптама жұмыстарының нәтижесінен белгілі болғандай, жәбірленушінің ішкі ағзаларына зақым келмеген. Алайда көп қан жоғалтса жағдайы ауырлайтындығы айтпаса да түсінікті. Абырой болғанда, сол кезде пышақ жарақатын алған ол Николайдың қолындағы суық қаруды жұлып алып, бірден «Жедел жәрдем» мен полиция қызметкерлеріне қоңырау шалған. Міне, дәл осы дәрігерлердің алғашқы көмегінің арқасында жәбірленуші аман қалды.

Осыған байланысты сот ісі Өскемен қалалық №2 сотында қаралған. Сот барысында өз кінәсін толықтай мойындаған айыпталушы істеген ісіне өкінетіндігін жеткізді. Сот үкімімен Николай Григорьев 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары түзеу мекемесінде өтейтін сотталушыға 50 мың теңге мөлшерінде айыппұл салынған. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ