Өскеменде 10 жыл бұрын салынған мектеп асханасы апаттық жағдайдың аз-ақ алдында

419
көрілім

«Салынғаны кеше, қирағаны бүгін», «Мұншалықты немкеттіліктің себебі не?» деген лебіз бен сауалдар әлі күнге дейін жауабын таппады. Тағы да мектеп мәселесі. Газеттің алдыңғы нөмірлерінің бірінде «Қазақ мектептеріне оқушы сыймай жатыр» деген тақырыппен мақала жазылған болатын. Мұның жөні бөлек еді, ұтымды шешім қабылдау арқылы күрмеуін шешуге келетіндей. Ал Өскеменнің іргесіндегі Шығыс ауылына барсаңыз қыруар қаржының желге ұшқанының куәсі боласыз. Нақты айтсақ, он жыл бұрын салынып біткен мектеп оқушылары қазір басқа білім ошақтарында оқуға мәжбүр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

10 жылға созылған қуаныш

Тек директор айтқанымен мәлімет ұсыну біржақты көрініп, осыған қатысты облыстық Білім басқармасындағылар не айтады дедік. Берген жауаптарынан алдағы оқу жылы басталмай жөнделіп қалуы мүмкін деп үміттендік. Әйтсе де маңыздысы оқушылардың дәл қазір қалай білім алып жатқандары. Сәуір айының 5-і күнгі мәліметке сәйкес төртінші және 9-11 сынып оқушылары №49 орта мектепте оқып жатыр. Содан кейін 1-3 сынып оқушыларын Шығыс ауылындағы ескі білім ордасына апарып оқыта бастады. Себебі, төменгі сынып бүлдіршіндері үшін үй жағдайында оқу тиімсіз, әрі өздерін де зеріктіріп жібереді. Төртінші тоқсан болғандықтан барлығының білімдерін жинақтағандары жөн дейді. Мәселенің толыққанды басын ашып кетейік. Шығыс ауылындағы №33 орта мектеп 2011 жылы салынып, ата-ана бауыр еті баласын кең әрі су жаңа мектепте білім алады деп күмәнсіз жетектеп апарған-тын. Сол қуаныштың ғұмыры арада 10 жыл өтер-өтпесте сап тыйылады деп ешкім болжап білмеген. Желтоқсан айынан бастап су құбырының жарылуы, асхана еденінің біртіндеп отыра бастауы, қабырғаларда жарықшақ пайда болып, төбенің қопсып түсуі арада аз уақыт өткенде шұғыл шешім қабылдауға шақырды. Сыртынан қарағанда мектеп ғимаратында мін жоқ, басқа сыныптарға бас сұққанда да кілтипан табу қиын. Тек асханасына кіре бере апатты деп танылмаса да күрделі жөндеуді қажет ететінін байқамау мүмкін емес. Содан бері мектеп басшылығы қалалық білім бөлімі, әкімдік өкілдерімен бірлесе оқушылардың қауіпсіздік қадағалап, жақын жердегі мектептерге тасымалдап келеді. Қосымша автобустар алдырылып, Ахмер кенті мен мана айтылған ескі мектепке қатынайды.

«Үш жақты майдан»

Осы аралықта асханаға кірдік. Төтенше жағдай департаментіндегілер апатты емес танып, ресми қағаз жіберсе де қауіп қыр астында көрінді. Кафель жарылып, қоймаға жайылған су еденді едәуір отырғызып жіберген. Әрі қарай бірнеше бөлме қабырғасындағы жарықшақтардан бөлменің ары жақ-бері жағы ап-айқын көрініп тұр. Қаншалықты ұлғайып бара жатқанын біліп отыру үшін қағаздар жапсырылып қойған, белгі ретінде. Ендігісі осыны жөндеу үшін жасалатын жобалық-сметалық құжаттама нәтижесіне байланысты. Кейде интернеттің нашар ұстайтындығы байқалды.

– Онлайн оқып жатқан оқушылардан бірінші сыныптағыларды штаттық тәртіпте шығардық. Бастысы, бірінші сынып қой, – деді мектеп директоры Есімхан Акитбаев бүлдіршіндерді айрықшалап. – Бұдан соң екінші, үшінші, төртінші сыныптар да қамтылды. Одан бөлек, соңғы тоқсанда білім сапасын тұралатып алмай, әр оқушының оқып-түйгендерін зерделеуге мүмкіндік берген жөн. Көпбалалы отбасыларға кішкентайлардың жанында үнемі отыру да оңай емес. №49 мектепте 1300-ден астам оқушы бар екен, десе де мекеме басшылығы кабинеттер бөлді. Ол жаққа бітіруші, яғни төртінші және 9-11 сыныптағылар барып жүр.

Қазір мұнда 842 оқушы бар. Облыстық Білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділова осындай мәлімет ұсынды. Мектеп директоры 826 деп айтты. Неге азайып кетті десеңіздер, каникул кездерінде бірқатары мектеп ауыстырған. Болған жағдайға байланысты орта мектеп ұжымы «үш жақты майданда ұрыс жүргізіп жатыр». Әкімшілік бөлігі едені отырған мектепте, тағы бір жұмыс тобы ескі білім ордасында, сондай-ақ бірқатар оқытушы Ахмет кентіндегі мектепте. Айталық, оқу ісінің меңгерушісі, психолог, кезекші бөлімдер және басқалары қажеттіліктеріне қарай бөлінген.

Есімхан АКИТБАЕВ

– Мектебіміз қаңырап тұр. Бір себебі, арнайы күзетті де сол жақтарға ауыстырдық, – деді директор қолымен кіреберісті нұсқап. – Киім іліп, қабылдайтын жандар, еден жуушылар дейсіз бе, жұмыс орындарын ауыстыруға тура келді. Айнала езіліп, көлкіп тұрғанда оқушыларды осы жерге жинап, әрі қарай екі автобусқа отырып мектепке баратын. Түс ауа, кешқұрым осы жерден тарқасып жүрді.

Ендігі атқарылатын екі жұмыс

Асхана қоймасындағы көріністерді көріп, «Бұ қалайша апаттық жағдайға жатпады?» деген ойда қалдық. Білім басқармасындағылардың айтуынша, ғимараттың апатты деп танылуы арнаулы лицензиясы бар экспертті мекеменің қорытындысы арқылы анықталады. Осы жағдайға байланысты «ЖобаИнжиниринг» ЖШС мекемесінің мамандары мектептің құрылыс конструкцияларына зерттеу жұмыстарын жүргізген. Соған сәйкес білім ошағының қауіпсіз әрі ақаусыз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін келесідей жұмыстар атқарылмақ:

1. Бірінші қабаттың еденін жаңа материалды қосу арқылы қолданыстағы негізгі топырақты нығыздау және еденді торлы арматурамен қайта жабу:

2. Сумен жабдықтау желілерін ауыстыру.

– Аталған кемшіліктерді ескере келе және арнайы әзірленген жоба бойынша ғимарат күрделі жөндеуге жатады. Қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге арналған жобалық шешімдер ел аумағындағы қолданыстағы стандарттарға сәйкес келу керек, – деді басқарма басшысы Сайрангүл Жұмаділова.

Ата-аналар жағдайдан хабардар болған кезде балаларын жіберуге үзілді-кесілді бас тартқан. Әрине, кейбірі мектеп басшылығы бұрыс шешім қабылдай қоймас деп сенім білдіріпті. Олар тым құрығанда Ахмер кентіндегі мектепке апарып оқытса деп өтініш айтты. Бұған келгенде мектеп ұжымының кежегесі кейін тартпады, осыны көп ұзатпай-ақ біржақты етті.

Есіктен ешкім кірмесін…

Мәліметтің біршамасын мектеп директоры ұсынды. Жағдай әбден асқынғанда ғана әрекет етті деудің еш реті жоқ. Себебі 2011 жылдың 31 тамызы күні қолданысқа берілген білім ордасында алғашында басқа басшы болды. Оған қоса, жаңа ғимаратты қабылдап алу, тиісті талаптарға сай келуін бақылау да бір Есімхан Акитбаевқа жүктелмесе керек. Қайта осыған жауапты болған «Өскемен қаласы құрылыс бөліміндегілердің» ата-аналар мен оқушылар алдында ақталғандары жөн сияқты.

Алда күрделі жөндеуге кететін жобалық-сметалық құжаттаманың нәтижесін күту керек. Сайрангүл Жұмаділова су құбырын дәліздер мен асхана еденінің астымен тартқан мердігер ұйым ақпаратына сүйеніп, пайдалануға қабылданатын негізгі қорлардың сметалық құнын ұсынды. Кесте түрінде:

Бағыт

Қанша сома?

1

Барлығы

867 млн теңгеден астам

2

Құрылыс-монтаж жұмыстары

862 млн теңгеден астам

3

Басқасы бойынша

4,6 миллион теңге

Асханаға кірер есікке қағаз қойып, скотчпен бекітіпті. Біреу байқаусызда кіріп кетсе қабырғасы сөгіліп, қопсып жатқан бөлмелер қатер төндіре ме деп қауіптенген болар. Асхана еденінен шыққан олқылық тұтас мектепті «үрейлендіріп» жіберген. Ендігі қадам күрделі жөндеу жұмыстарымен сабақтасып тұрған соң жоғарғы қабаттардағы кабинеттердің жай-күйін көріп шықтық. Спорт зал, акт залы, кітапхана, химия, Абай кабинеті және тағы басқаларында заманауилықтан басқа өзгеріс байқалмады. Түйіні сол: апаттық жағдайға сәл жетпей қалған ахуал тек асхананы қамтыған.

Кең болса да кемшілігі бар

Жағдайға қатысты Білім басқармасының бюджетін байқап көрдік. Яғни осы тараптан қандай шаралар қабылданбақ? Олар жыл басында жобалық-сметалық құжаттама әзірлеп, мемлекеттік сараптамадан өткізуге 104 мың теңгеге бюджеттік өтінім беріпті.

– Бүгінде облыстық мәслихаттың кезекті сессиясының қорытындысы бойынша аталған сома бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурстары жүргізіліп жатыр. Қазір жоғары сыныптағы 77 оқушы Ахмет кентіндегі №49 мектепте оқып жатыр, – деді Сайрангүл Ахметкәрімқызы.

Су құбырын тарту кезінде олқылыққа жол бергендері болмаса құрылысшылар мектепті біршама кең етіп салыпты, бірақ кемшілікпен. Өзге мектептерде жоқ өнер мектебі №33 Абай атындағы орта мектепте бар. Тісқаққан спортшылар келіп, осындағы оқушыларға жаттығулар да өткізетін көрінеді.

Бұдан шығатын қорытынды, IV тоқсан өтіп жатса да аталған мектеп қызметін тоқтатып, тіпті уақытша жабылуы ғажап емес. Онымен қоса, бастауыш пен 9-11 сыныптан басқасы тегіс қашықтан оқып жатыр. Білім басқармасы мен қала әкімдігіндегілер бармақ бастылыққа баспаса жаз айларында күрделі жөндеу басталып кетуі тиіс.