Өскеменде №10-шы автобус сағаттап кешігеді

2899
көрілім

Аяз бір сәт аттан түсіп, екпінін еңкейткен сыңайлы. Қаңтардың басында өңір тұрғындарының талайы дерлік қыстың бет қарытар үскірігінен ығып, жылулық патшалығына тап болуға асыққан-тұғын. Сол ойлары қаншалықты іске асты? Аудандарда термометр 35-45 °С аралығын көрсетіп, тұрғындарды қыспаққа алса, Өскеменге төккен қаһары бұдан да сорақы болды. Діттеген жеріне жетуге асыққан жұрт қоғамдық көліктердің сыр бермеулеріне тілеулестік танытты. Обалы кәнеки, ертеңінде-ақ түрлі қосымшалар арқылы такси шақырып, жұмыстарына сағаттап кешігіп жатты. Шаһар көлемінде автобус тапшылығы мәселесі талай жылдан бері шешімін таппай келеді. Соның зардабын №10-шы автобусты сарғая күткендер тартып-ақ жүр.

Екі автобусты екі сағат күтеді

Әлбетте, қала көлеміндегі түйткілдерді ауыздықтап, бір шешімін табу – көп жағдайда қала әкімдігінің құзыретіне жатады. Төңірегіндегілерден жоғарылау жерде отырып мәселенің шешімін нұсқап, мамандарға пәрмен беретін қала әкімдігінің қақаған қыста қауқарсыздық танытып, қоғамдық көліктердің шеттерінен істен шығуларын қалайша қадағаламады? Әлде бар ызғар қаңтардың ортасына қарай жетуі тиіс деп топшылады ма екен? Шенеуніктердің болжамы мен ішкі түйсіктерінің қандай болғаны беймәлім, алайда мәселенің күні бүгінге дейін шешілмегендігі шындық. Қаңтар туа газет редакциясына қоңырау шалған тұрақты оқырмандарымыз Бабкина-мельница ауылына дейін жолаушылар тасымалдайтын №10-шы автобус жұмысын жұртшылықты жабырқататындай орындап, олай емес-ау, жанайқайға басарлықтай сағаттап күттіріп қойғандығына шағымданды. Айтуларынша, жылда қаңтар айының басында аталған бағытта 4-5 автобус кестеге сәйкес жүрсе, аз уақыт өткен соң араларындағы уақыт интервалы созыла түсті.

– Қазіргі қатынап жүрген 1-2 автобусты сағаттап тұрып күтеміз. Өгізаяңға салып, олар жеткенше адамдар қарасы да көбейіп, автобустың іші лық толады. Сонда облыстың Бас санитар дәрігерінің «әлеуметтік арақашықты сақтаңдар» деген қаулысы қайда қалды? Әлде өңір «жасыл аймаққа» енді екен деп, арқаны кеңге салу керек пе? Қала әкімдігінің табалдырығын тоздырып, арыз-шағым айтқанымызбен олар қозғалар емес. Артық ешнәрсе сұрап тұрған жоқпыз, тек кестеге сәйкес сол 4-5 автобусты белгілі бағытқа қайта шығарса екен, – дейді Алмагүл Серікқанқызы (аты-жөні өзгертілген).

«Марат М»-нің меншігінде

Бабкина-мельница елдімекеніне әрең жетіп жүрген егде жастағы оқырмандарымыз осыған дейін «10А» қоғамдық көлігінің қалалықтарды тасымалдауда әжептәуір жинақылық танытып, анау айтқандай ұзағынан күттірмегендігін жеткізді. Қазір барлығы керісінше. Қандай да бір себептермен қозғалысын тоқтатып, «аялдамада адамдар жиналып қалған шығар, сыйғандарынша салып алып, межелі жерлеріне жеткізейін» деген оймен, тек бір автобус қана маршрутта жүр. Сорақысы сол, қаңтар айының 1-5-і аралығында жалғыз автобустың өзі екі-үш сағаттап, кейбір тұрғындарға салса жарты тәуліктеп қарасын көрсетпеген. Олай да бола ма? Мұндай олқылықты ешкімнің бақылауға алмағаны өкінішті-ақ. Жүргізушілерде де айып жоқ шығар дедік. Әбден жаурап, жылармандай болған жандарға: «Онысын білмедік, біз кестеге сәйкес жүріп келеміз» депті кондукторлар міз бақпастан. Берілген автобустарын қамдап, барынша кестеге сәйкес қатынайды. Бәлкім басшылық білер? Қазір №10 автобус «Марат М» ЖШС меншігінде.

«Бақылауға алынды»

Ресми хатқа жауап берген қала әкімінің орынбасары Денис Федченко бойларын аяз қарып, межелі жерге жете алмай бүрсең қаққан тұрғындар үшін алаңдайтын дәнеңе де жоқ екендігін жеткізді.

– №10-шы автобус күн сайын автобус желісіне 15-20 минут уақыт аралығымен төрт маршрут шығады. Ивушка-Теміржол көпірі бағытында жолаушыларды төрт автобус тасымалдайды. «Марат М» ЖШС-ға сұрақтар жіберілді және жағдай бақылауға алынды. Осы бағыттағы жолаушылар тасымалын мүмкіндігінше жоғары деңгейге көтеруге тырысамыз, – деді ол.

«Тырысамыз» деп ниет еткен қала басшылығы тым құрығанда шамалап та уақытын айтпады. Ақпан айы ма, наурыз ба, жоқ әлде жаз айларының бірінде кестеге сай жүре ме екен? Аязда тоңып топырлаған тұрғындарды бірнеше сағаттап қыспаққа алған қысылтаяң сәтте бағытқа қойылмаған автобустардың күн жылына белсенділік танытуларының қажеті қанша? Бұл не сонда, «Марат М»-нің немкеттілігі ме, әлде әкімдіктің немқұрайлығы ма? жүздеген жолаушыны бір-екі автобуспен тасымалдау қалай ойласаңыз да қисынсыз-ақ жағдай.

Әділхан ЕСІМХАНОВ