Өскеменде 22 жастағы жігіттен тыңдау құрылғысы тәркіленді

1205
көрілім
Шартты фотосурет

Ақпан айының басында Өскемен қалалық Полиция басқармасының Үлбі полиция бөлімшесіне «Anti-Fraund» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында арнайы техникалық құралдарды заңсыз сақтаған жігіттің құрықталғаны жайлы ақпарат түскен, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті таратқан мәліметке сәйкес 22 жастағы жігіт ақпаратты сақтап қана қоймай, таратумен де айналысқан.

– Бұл қашықтан тыңдау құрылғысы екені анықталып, іс бойынша заттай дәлелдемелер алынды, – делінген мәліметте.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 399-бабы 1- бөлігі (Ақпаратты жасырын алудың арнайы техникалық құралдарын заңсыз дайындау, жасау, иемдену, өткізу немесе пайдалану) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.