Өскеменде 72 сауда дүңгіршегі жаңартылды

400
көрілім

Облыс орталығының әкімі Жақсылық Омар рұқсат қағазы жоқ сауда дүңгіршектері мен жарнама билбордтары бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Жауапты тұлғаның айтуынша, 2018 жылдың тамыз айында жүргізілген тексеріс нәтижесінде 313 сауда дүңгіршегінің өз еркімен құрылғаны анықталды. Қабылданған шаралар барысында 51 нысанның иесі аталған дүңгіршектерді өз еріктерімен алып тастаса, жергілікті атқарушы органдар ықпалымен 86-сы қайта жабдықталған.

– Өткен жылды қорытындыласақ, ұзын-саны 137 сауда дүңгіршегі қайта жабдықталды. Ал осы жылдың басынан бері 72 заңсыз жұмыс атқарған нысан жаңаша сипатқа ие болған. Заңсыз тіркелген әлі қаншамасы бар. Бекітілген жоспар бойынша, дүңгіршектерді жою немесе заңды түрде қайта жабдықтау жұмыстары жалғасын таппақ. Сондай-ақ былтыр 46 жарнамалық құрылғы қайта жабдықталды, – деді Жақсылық Мұқашұлы.

Осы ретте өңір басшысы Даниал Ахметов заңсыздықтың алдын алу үшін саудагерлер мен жеке кәсіпкерлерге жер бөліп беруде сақтық танытып, қажет болса құжаттарға қол қоймауды тапсырды.

Әділхан ЕСІМХАНОВ