Өскеменде 80 жастағы әже айуандықпен ұрып-соғудың құрбаны болған немересінің өмірі мен денсаулығы үшін күресуде

1432
көрілім
Жасы 80-ге келген Күлжиян Ғабдуллинаның Дәурен есімді жалғыз немересі бар. Оның әке-шешесі ерте қайтыс болып, апалы-немерелі екеуінен басқа ешкім қалмаған. Әжесінің тәлім-тәрбиесін бойына сіңірген Дәурен дүниедегі ең жақын жанының үкілеген үмітін ақтауға барынша тырысады. Гимназиядан түлеп ұшып, Еуразия ұлттық университетіне грантқа түседі. Жоғары оқу орнындағы оқуын ойдағыдай аяқтаған соң, еліміздің бас қаласында қызметке де орналасқан. Әжесі немересінің жетістіктерін әрдайым мақтан тұтып отыратын еді, алайда дөңгелектей шыр айналған қу дүние екі адамның бейбіт өмірін парша-парша етіп, күл-талқанын шығарды. Күлжиян апа күндердің бір күнінде сәби кезінен мәпелеп өсірген немересіне қайтадан қасықтап ас беріп, сөйлеуге қайта үйрететінін еш білген жоқ…

«Сәлем, Астана!»

Дәурен Ғабдуллин мектепте ұйымдастырылатын қоғамдық шаралардан қалыс қалмай, өзінің өнерлі бала екендігін дәлелдей білген. Сабағына әрдайым ұқыптылықпен қарап, гимназияда озат оқушылардың бірі болыпты. Тек қана білімімен көзге түспей, спортқа да, әсіресе футболға қызығушылық танытқан. Оның саясатқа деген ойы, көзқарасы, ынтасы ерекше еді, ол себепті де алтын ұя мектебінен түлеп ұшқан соң Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультетінде бюджеттік мамандыққа грантқа түседі. Сол сәттен бастап өмірдің ыстығына бірге күйіп, суығына бірге тонған әжесі мен немересінің арасы мыңдаған шақырымға алыстайды. Күлжиян апа көзінің қарашығындай көретін немересін Елордаға қимастықпен жіберді. Қанша қоштасқысы келмесе де, ол талабы таудай немересінің басына бақ қонып, білім алып, жоғары жетістікке жеткені дұрыс болатындығын ұққан. Сөйтіп Дәурен 2010 жылы оқуын ойдағыдай аяқтап, халықаралық қатынастар бойынша бакалавр дәрежесін алады, алайда Астанада тамыр-таныссыз жұмысқа орналасу оңай болмай шықты. «Алмас қылыш қынапта ұзақ жатпайды» дегендей, ойы ұшқыр жігіт ұзақ уақыт жұмыссыз жүрмеді. Қайта маманданудан өтіп, маркетолог саласында жұмыс істей бастады.

Олардың тұрмысы жақсарып, шынайы бақыттың кәусәрін татқандай мәз-мейрам болды. 2016 жылдың соңында 28 жасар Дәурен қаладағы үлкен құрылыс фирмаларының бірінде маркетинг бөлімін басқарып отырды. Сондай-ақ пәтер алуға кезекке де тұрып, жанынан бетер жақсы көретін әжесін Елордаға алып келетін шаттықты күнді тағатсыздана күтумен болады, алайда ойламаған жерден оның бұл арманының күл-талқаны шықты

Күтпеген соққы

Қаңтардың 23-і күні Дәурен досының туған күнін атап өту үшін дос-жарандарымен бірге жиналады. Отырыс түн ортасына дейін созылып, конақтар түн жарымында үйді-үйлеріне тарасқан. Дәурен қараңғы көшелердің бойымен пәтеріне қарай келе жатады. Кенет оның қасына екі бейтаныс жігіт келіп, шылым сұраған. Темекі жоқ екендігін естіген екеуі ызаға булығып, Дәуренді жақтан бір ұрып жерге құлатады. Қарсыласқанын қоймайынша, тепкінің астына алады. Содан кейін әлгі екеуі оның қалтасын тінтіп, ұялы телефонын, әмияны мен құжаттарын қолды қылады. Ауыр соққыдан ес-түссіз құлаған Дәурен сол жерде елеусіз қала береді.

Келесі күні Дәурен жұмысқа келмегенде біз уайымдай бастадық, – дейді оның досы және әріптесі Салтанат. – Түстен кейін фирмаға полиция қызметкерлері келіп Дәуреннің ауруханада жатқандығын айтты. Сөйтсек, ол сол жерде есін жимаған күйі ұзақ жатып қалған екен. Әрең дегенде есін жиып, еңбектеген күйі жол бойына шығып, көліктердің бірін тоқтатқан. Такси жүргізушісі жедел жәрдем шақырып, Дәуренді ауруханаға жеткізеді. Ол қайта талықсып кеткенге дейін есімін айтып үлгерген екен. Оның сол кездегі кейіп-кеспірін сипаттаудың өзі қорқынышты. Бұзақылар оның басынан ұрып, тепкілей берген. Денесінде ешқандай жарақат жоқ, бірақ басында сау жер қалмаған: дәрігерлердің айтуынша, бассүйек самайы мен екі жағы, мұрны сынған. Бір апта бойы есін жинай алмай жатқан Дәуренге бірнеше ота жасалды. Оның аман қалуы екіталай еді.

Жар дегенде жалғыз немересінің ауыр жағдайын Күлжиян апа тек үш күннен кейін, Дәуреннің әріптестері оның қайда екендігін тапқан соң ғана естіп білді. Қорқынышты түс көріп жатқандай күй кешкен әжесі құстай ұшып Астанаға келеді. Немересі жатқан ауруханаға келіп, жансақтау бөлімінің есігін екі күн күзетсе де, оны ішке кіргізбеген.

Дәрігерлер немересін осындай халде көрген әжесінің жағдайы нашарлап кете ме деп қорықты, – дейді Салтанат. – Аллаға шүкір, Дәурен ажалды жеңіп, есін жиды. Басында ол ешкімді танымады, бірақ уақыт өте келе есі кіре бастады. Дегенмен сол қаралы түнде болған оқиғаны мүлдем ұмытқан. Кейде ол басын ұстап көріп шошып кетеді, себебі оның бас сүйегінің жартысына титан пластина салынған. Қамқор әжесінен «Басыма не болған, мені осындай күйге кім жеткізді?» деп сұрай беретін көрінеді.

Қылмыскерлер құрықтан құтылмады

Дәуреннің есіне ештеңе түспегенімен, құқыққорғау органдарына болған оқиғаның мән-жайын анықтау қиынға соққан жоқ. Жас жігітті соққының астына алған бейтаныс бұзақылар ұрлап кетіп қосулы қалған телефон арқылы ұсталды.

Екеуінің бірі түрмеге қамалды, – дейді Салтанат. – Біз сотта болдық. Ол жақында ғана әуе-десант әскері қатарында борышын өтеп келген, екі иығына екі кісі мінгендей алпамса жігіт екен. Әскерден келген соң ешқайда жұмыс істемеген.

Астана қаласының Алматы аудандық №2 сотында қаралған іс материалдарына сүйенсек, дәл осы ер адам Дәурен Ғабдуллинге шабуыл жасамастан бірнеше апта бұрын дәл осылай айуандықпен тағы бір азаматты ұрып-соғып, телефонын тартып алған. Құдай сақтап, ол жәбірленуші Дәурен сияқты ауыр жарақат алмай, сот процесінде куәлік етіпті.

Айыпталушы «Дәурен қарсылық көрсеткен соң, қатты ашуланып, өзімді тоқтата алмай қалдым» депті. Сот үкімі бойынша ол 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Өкінішке қарай, оның қасында болған екінші біреудің бұл қылмысқа қатысы бар-жоқ екендігі дәлелденбей отыр. Сот ісінің басында ол тек куәгер ретінде қаралса, кейін оған тонау және қауіпті жағдайда қалдырып кету айыптары тағылды.

Шама-шарқы жеткенше күресуде

Дәуреннің өмірін күл-талқан еткендер жазадан жалтара алмады. Сот тіпті 800 мың теңге көлемінде моральдық залалды Күлжиян Ғабдуллинаның пайдасына өндіріп беруге шешім шығарды. Десе де сол шешімнің орындалғанын күту қажет емес сияқты.

Сотталған десантшының әке-шешесі бірінші сот процесіне келіп қатысқанымен, кейіннен баласының ісіне араласудан бас тартты. Ал оның өзі жұмыс істемейді, иелігінде ешқандай мүлкі жоқ, – дейді Күлжиян апа.

Күлжиян Ғабдуллина 80 жасқа толған мерейтойын аурухана қабырғасында, төсекке таңылған немересінің қасында қарсы алды. Кішкентай кезінен әжесінің бауырында өскен немересі бүгінде тағдырдың тәлкегімен мүлдемге сол кісіге тәуелді болып қалды. Дәурен қайтадан ешкімнің көмегінсіз тамақ ішуді, сөйлеуді үйренуде. Оның үстіне жігіттің жағына тағы бір ота жасау керек.

Ең бастысы, Дәуренді аман алып қалу керек болды. Одан кейін миына келетін зақымнан қорғау қажет болғандықтан, дәрігерлер жақ сүйектерін шама келгенше жинаған. Нәтижесінде ол сүйектер дұрыс өспей қалып, Дәуреннің аузы толықтай икемге келмей қалды. Сол үшін оған тағы бір ота жасау керек болып отыр. Содан кейін ғана оған сөйлеу және тамақ ішу оңайырақ болады, – дейді Салтанат.

Дегенмен, дәрігерлік ем-шара жасау қаражатқа келіп тірелетіндігі мәлім.

Мамыр айының басына дейін Дәуренді тегін емдеген болатын, дейді Күлжиян апа. Енді оның ауруханаға бір күн қаралғаны үшін 30 мың теңге төлеу қажет! Бізде мұндай ақша қайдан болсын. Әйтеуір барымды беріп, бір ай емдету үшін жарты ақшасын шығардым, ал қалған жартысын немерем жұмыс істеген фирма өтеді. Олар бізге өте үлкен көмек жасап, демеушілік көрсетті, алайда алдағы күніміз не болары белгісіз.

Сүйеніш көріп отырған жалғыз немересінің бүгінгі мүшкіл жағдайын ойлай-ойлай ішкені – ірің, жегені – желім болған әженің медициналық көмекке қажетті ақша құнын естігенде сары уайымы ұлғая түсіп, денсаулығының нашарлауына байланысты ауруханаға жатқызылды.

Қысымым көтеріліп, жүрек тұсым шаншып ауырады, деп жағдайымен бөлісті әжей. Ауруханаға жатқым келмеп еді, бірақ дәрігерлер солай деп көндірді. Бсәтін салса, аз күнде сауығып шығып, немереммен қайта қауышамын ғой.

Әже мен немеренің басына түскен қиын жағдайды сәл де болса жеңілдету мақсатымен Дәуреннің достары мен әріптестері әлеуметтік желі қолданушыларынан көмек сұрады. Олардың ғаламторға жариялаған жазбасынан кейін ақша аударып, жанашырлық білдірген жандар да пайда болды.

Есепшотқа аз да болса тиын-тебен түсіп жатқандығын естіген апамыздың еңсесі көтеріліп қалғандай, дейді Салтанат. Біз жасы келген әже үшін қатты уайымдаймыз. Ол кісінің бір ғана арманы бар – жалғыз немересінің қайта аяққа тұруы. Құдай сақтасын, бірақ әжеге бірдеңе болып қалса Дәуреннің күйін елестету тіптен қиын…

***

Біз Дәурен емделіп жатқан Ұлттық нейрохирургия орталығымен байланысып көрдік. Күн сайын төленетін 30 мың теңгенің ішіне тамақтану, физиотерапия, массаж, психолог және логопед мамандардың қызметі кіреді. Орталық өкілдерінің айтуынша, аурухана қабырғасында қалу-қалмау әр адамның өз еркінде. Ал науқасты үйде қарату үшін төленетін сома мөлшерін олар жария етуден бас тартты. Дәуреннің келесі отасы басқа ауруханада жасалынбақ. Күлжиян апа немересін қарату үшін енді сол жақтың дәрігерлерімен келісу керек болып отыр. 80 жастағы әже жалғыз ұрпағын аяққа тұрғызу үшін ештеңеден тайынбақ емес. Қажет десе бар дүние-мүлкін құрбан етуге бар. Дәрігерлердің болжамына сәйкес, егер барлық ем-шара уақтылы жасалғанның өзінде тепсе темір үзетін жастағы жігіттің қалыпқа келуі үшін әлі 1-2 жыл уақыт керек.

Біздің анықтама

Егер сіз Дәуренге көмектескіңіз келсе, емдеуге қажет қаражатты Күлжиян Ғабдуллинаның атына аудара аласыз, ИИН 370410401801, Kaspi банктегі карта нөмірі 5169 4901 3006 0667.