Өскеменде «Адамзаттың Абайы» мерейтойлық шарасы өтті

76
көрілім

Өскемендегі А.Пушкин атындағы облыстық кітапханада Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Адамзаттың Абайы» атты салтанатты шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Айтулы шараға бүлдіршіндерден бастап оқушылар, ұстаздар, мәдениет қызметкерлері, белгілі абайтанушы Қалибек Алтыбаев, облыстық мәслихат депутаты Әнуарбек Мұхтарханов, тұңғыш «Әкелер мектебінің» негізін қалаушы әрі директоры Ертісбек Сәдуақасов қатысты. Келген меймандар мерейлі шараны атап өтудің мән-маңызын айта келе жиналған жұртқа құттықтауларын жеткізді.

– Биылғы жылы мәдени шараларға жоспарланған қаржының едәуір үлесі ұлы ақынның 175-жылдығын атап өтуге бөлінеді. Абай атамыздың Жидебайдағы мұражайы абаттандырылып, бірқатар аудандарда ескерткіштер бой көтермек. Күллі қазақ жұртына адамгершіліктің ең биік шыңын көрсетіп кеткен кемеңгер тұлғаның мерейтойы республика көлемінде ғана емес, халықаралық деңгейде атап өтілетіні үлкен қуаныш деді, – дейді Әнуарбек Мұхтарханов.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, шара барысында қонақтар назарына ұйымдастырылған «Адамзаттың Абайы» атты ауқымды кітап көрмесі Абайды тағы бір рет әр қырынан тануға мүмкіндік береді: ағартушы, гуманист, жаңашыл ... Ал Ертісбек Сәдуақасов ұлы ойшылдың бірнеше өлеңін жаттап алып айту жеткіліксіз, оның әр шумағына терең бойлау қажеттігін баса айтты.

Нұрбек АСҚАРОВ