Өскеменде «Асыл жан, Абыз аға» атты әдеби кеш өтті

198
көрілім

Өскеменде жыр падишасы Фариза Оңғарсынова мен қарымды қаламгер Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдық мерейтойына орай ШҚО өнер музейінде «Асыл жан, Абыз аға» атты әдеби сазды кеш өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Қос бірдей ақын мен жазушының шығармалары әр қазақтың жанына жақын. Себебі олар қаламын жүрек қанына батырып шынайы жазатын еді. Сондықтан болар «Шабыт» жастар театрының студенттері қойған театрландырылған сахналық қойылым көрерменді бірден әдеби әлемге жетелей жөнелді.

- Бүгін мен Әбіш Кекілбаевтың «Үркер» шығармасынан үзінді оқыдым. Осы туынды арқылы алдағы уақытта Ақтау қаласында өтетін Әбіш Кекілбаев окуларына Өскеменнің атынан қатысамын, - дейді «Шабыт» жастар театрының студенті Гүлбибі Сейдәлі.

Кеш барысында сахнада Фариза Оңғарсынованың сөзіне жазылған әндер орындалып, өлеңдер оқылды.

- Шараны Өнер музейі мен «Шабыт» жастар театры бірлесіп өткізіп отыр. Кеш бағдарламасы Фариза Оңғарсынова мен Әбіш Кекілбаевтың шығармашылық өміріне арналды. Бұл жастарға тарихымыз бен дәстүрімізді тағы да ұлықтауға зор мүмкіндік болды. Себебі ақын да, жазушы да өз заманының жоқтаушысы. Нағыз шығармашыл сөз зергерлерінің ғана туындылары мәңгі жасайды, - дейді Өнар музейінің педагогы Сыйлық Кәшей.

Таунар ҚАЙРАТ