Өскеменде аз қамтылған отбасыға ұялы телефон сыйлады

356
көрілім

Гүлчехра Шерматова - жалғызбасты ана. Тапқаны отбасының қажеттілігінен артылмайды. Осы уақытқа дейін аз қамтылған отбасының ешбір мүшесінде ұялы телефон болмаған. Алайда Жаңа жыл мерекесіне орай оның отбасы ұялы телефон сыйға тартылды, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.

«Казцинк» компаниясының ұйымдастыруымен «Казцинкпен бірге сыйла»-2020» жаңажылдық конкурсына республикамыздың түкпір-түкпірінен мыңға жуық адам қатысқан. Байқаудың шарты бойынша, «Iphone 11 Pro Max» телефонын ұтып алу үшін оны кімге және не үшін сыйлайтыны жөнінде жазба қалдыру керек. Аталған байқауда Өскемен қаласы мектептерінің бірінде асханада жұмыс істейтін Тина Ветрова да бағын сынап көрмек болған. Оның жазған жазбасы әділқазылардың ерекше назарына түсті. Ерекшелігі сол, ол аталған бағалы сыйлықты басқа қатысушылар сияқты жақындарына емес, әріптесіне сыйлағысы келген. Себебі оның әріптесі Гүлчехра Шерматованың осы уақытқа дейін телефоны болмаған.

Гүлчехра Шерматова ауыр жарақаттан кейін төсек тартып жатқан анасы және ұлымен бірге тұрады. Отбасының нәпақасын тауып отырған жалғыз өзі болғандықтан осы уақытқа дейін тапқаны керек-жарақтан артылмай келеді. Сондықтан өзіне ұялы телефон алатын мүмкіндігі болмаған.

Бұл жазбаны көрген «Казцинк» компаниясы мерекеге орай Гүлчехра Шерматова жұмыс уақытында отбасы мүшелерімен хабарласып отыруы үшін тосынсый ретінде екі смартфон сыйға тартпақ болған. Бірақ сыйлықты тапсыру Жаңа жыл мерекесінен кейін ғана мүмкін болды. Дегенмен сыйлықты тапсырған кезде Гүлчехра Шерматова қатты қуанып, тіпті бұл смартфондар өзіне тиесілі екеніне сене алмаған.

- Маған өте бағалы телефон сыйлағаны үшін «Казцинк» компаниясына алғысым шексіз, - дейді Гүлчехра Шерматова. - Бұндай сыйлық аламын деп мүлде ойламадым. Енді жұмыс уақытында да үйдегілермен хабарласып отырамын, деді ол қуаныш сезімін жасыра алмай.

Әділқазылар мүшесін Тина Ветрованың әріптесіне деген шынайы да ыстық ықыласы таңқалдырған. Ол да құрбысы үшін қуанды.

- Біз Гүлчехра үшін қатты қуаныштымыз, - дейді әріптесі Тина Ветрова. - Қарапайым адамдардың қалауы күтпеген жерден орындалғаны қандай тамаша!