Өскеменде баланы судан құтқарған жауынгер марапатталды

460
көрілім

Үлбі өзенінде суға батып бара жатқан 6 жасар баланы құтқарып қалған Ұлттық ұлан әскери қызметкері Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы атынан «Ұлттық ұлан қызметінің үздігі» төсбелгісі және «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының құқығымен «Қоғамдық тәртіпті сақтағаны үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Өскемендегі  3477 әскери бөлімінде  батырдың қайсарлығын барша жеке құрам алдында ұлықтау мақсатында салтанатты шара өтті. Ұлықтау кешіне бөлім басшылығымен қатар Тілектің ата-анасы қатысты.
Баласының батырлығын барша жеке құрам алдында ұлықтау сәтіне куә болған әкесі Қашқанов Амантай Құмарбекұлы да өз ризашылығын жасырмады:
 – Қадірменді офицер мырзалар, әскери бөлімнің басшылығы, бүгін міне баламның батыл әрекетін батырлыққа балап, жоғары баға беріп, құрметтеп жатқандарыңызға үлкен алғыс айтқым келеді. Әскери адам болғасын, қызметтеріңізге адал болып, осылай адам өмірін ажалдан жиі арашалап тұруға жазсын, – деді көпшілік алдында сөз алған Амантай Құмарбекұлы.

Естеріңізге сала кетейік, 16 шілде  күні Үлбі өзенінде 6 жасар бала су ағынын еңсере алмай тұншығып жатқан жерінен 3477 әскери бөлімінің ефрейторы Тілек Құмарбеков  дереу суға қойып кетіп, баланың қолынан  ұстап, әупірімдеп жағаға  шығарып үлгергені сол еді, кенет өзі су жұтып, тұншыға бастайды. Баланы құтқарып үлгергенімен өзі өзенге батып бара жатқанын көрген жағадағылар дереу көмекке келіп, Тілектің өзін өзеннен шығарып алады. Суда біраз қалып қойған ол есінен танып қалған. Жедел жәрдем көлігімен ауруханаға бара жатқан бойда дәрігерлер Тілектің есін жиюға көмектеседі.

Маусым айының 7-і күні тағы осы 3477 әскери бөлімінің жауынгері  сержант Ризабек Қанапиянов Өскемендегі Выскоковольтная  көшесіндегі көршісінің үйін өрт шарпығанын байқап қалып, өз өміріне қауіп төнетініне қарамастан, дереу отқа  оранған үйге қойып кетіп, үй ішінде орнынан тұра алмай жатқан қарияны сыртқа аман-есен алып шықан еді. Ризабектің ерлігі де елеусіз қалған жоқ.

Бағдат Амангелді,
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының
баспасөз қызметі бастығы.