Өскеменде белсенді жастар Қарттар үйінде концерттік бағдарлама ұсынды

352
көрілім

Еріктілер жылы аясында қолға алынып жатқан шаралар күнтізбесінде қарттарға қайырымдылық жасау басты назарға қойылуда, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен қолға алынған шара жылына бірнеше рет өткізіледі.

Облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Арайлым Есімбекованың сөзінше, қамшының сабындай қысқа өмірде қарттарға бір сәт назар аударудың өзі оларға зор қуаныш сыйлайды.

- Мұндай шараларға өңірдегі белсенді жастар, жастар ісі жөніндегі комитет мүшелері де қатысады. Күз келе сенбілікке шығып, көктемде тал ексек, қыс түсе Қарттар үйі аумағының қарын тазалауға көмектесеміз. Осындай шаралардың жиі қолға алынғанын жөн деп санаймын, – дейді ол.

Күндердің бір күні бауыр еті баласы келіп, "апа сізді қатты жақсы көремін" деген бір ауыз сөзді есту арман болған бұл жандар концерттік бағдарлама барысында бір серпіліп қалғандай. Оған қоса, жергілікті өнерпаздар мен семейлік әншілердің әсем әні шара көркін одан әрі қыздырды.

Әділхан ЕСІМХАНОВ