Өскеменде бірнеше ай еңбекақысын ала алмай келген құрылысшылар ұрлық жасаған

372
көрілім

Отбасын асырау үшін маңдай терімен еңбек етіп жүрген екі ер адам заңға қайшы әрекетке баруды осыған дейін еш ойламаған. Алайда жалақылары уақытында түспегендіктен амалдары құрыған олар бастықтан өздерінше өш алмақ болады, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Облыс орталығының тұрғындары Арман Жанәділов пен Владимир Кудиновтың (аты-жөндері толықтай өзгертілген) бір жұмыс орнында әріптес болып жүргеніне 1 жылдан астам уақыт өтті. Құрылыс компанияларының біріне дәнекерлеуші болып орналасқан екеуі әрдайым әңгімелері жарасып, үнемі бір-біріне қолғабыс бола білген. Көпқабатты тұрғын үйдің құрылысында тер төккен ер адамдардың басшылық алдында беделдері жоғары болды. Себебі өз міндеттеріне үлкен жауапкершілікпен қарайтын Владимир мен Арман бір нәрсені екі етпейтін. Алайда жұмысыңда қаншалықты аянбай еңбек етсең де қиындықтар туындамай қоймайды екен…

Соңынан Арман Жанәділов пен Владимир Кудинов сот барысында айтқандай, оларға өткен жылдың желтоқсан айынан бастап жалақы төленбей келіпті. Жұмыс берушілер үнемі «ертең түсіреміз» дегенімен, қанша күн уақыт де ақшаларын ала алмаған. Бір ай ғана кешіксе ештеңе етпес еді, бірақ қаңтар айында да осы жағдай қайталаныпты. Еңбекақылары қолдарына тимегендіктен отбасын асырау, күн көру қиынға соққан. Сол кезде өскемендіктер әділдік үшін күресуді ойлайды.

Ақпан айының басында ер адамдар жылу жүйесін монтаждауға жіберілген. Бұл жерде екеуі бағасы қымбат радиаторларды байқайды. Осылайша ұрлық жасауға бел байлаған Арман мен Владимир алдын ала жоспар құрып алады. Ауысымдардың бірінде екеуі ешкімге білдіртпей 6 радиторды көтеріп, құрылысы жүріп жатқан тұрғын үйдің үшінші қабатына тығып қойған. Олжаларын алу үшін олар кешкісін қайта келеді. Құрылыс объектісінің қоршауынан секіріп өтіп, радиторды алып шығады да такси шақырады. Көлікпен ұрланған затты темір-терсектерді сатумен айналысатын бір таныстарына жеткізіп тастайды.

Десе де екі еркектің жоспарлары іске аспай қалды. Полиция қызметкерлері радиаторлардың ұрланған екенін анықтап, Арман мен Владимирді қолға түсірген. Тергеу амалдары аяқталған соң іс Өскемен қалалық №2 сотына жіберіледі. Сот барысында айыпталушылар өз кінәларын толықтай мойындаған. Белгілі болғандай, ұрлық салдарынан жәбірленушіге 115 мың теңге мөлшерінде материалдық залал келтіріліпті.

Сот ер адамдарға қатаң жаза тағайындамады. Үкім бойынша Арман Жанәділов пен Владимир Кудинов 300 сағаттық мәжбүрлі еңбекке тартылды. Сонымен қатар екі сотталушы жәбірленушінің өтемақы қорына 40 мың теңгеден айыппұл төлеуге тиіс. Қаулы әлі заңды күшіне енген жоқ.

Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ