Өскеменде болған қақтығыс кезінде «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының 19 сарбазы жарақат алған

1644
көрілім

Бұл туралы ел көлемінде лаңкестер қолынан қаза болып, жарақат алған әскерилерді "Шығыс" өңірлік қолбасшылығы аумағында еске алып, құрмет көрсету барысында айтылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бүгін республика көлемінде ереуілшілер қолынан көз жұмып, соққыға жығылған ішкі істер органдары мен әскери қызметшілерге құрмет көрсетілді. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының өкілдері арнайы жиын өткізіп, бірнеше күн ішінде тұтас республиканы қамтыған ереуіл кезінде қоғамдық тәртіп сақтауға атсалысқан Ұлттық ұлан өкілдері мен барша сарбаздарға алғыстарын жеткізді.

Естеріңізде болса, қаңтар айының 5-і күні кешқұрым Өскемендегі орталық алаңда тұрғындар мен әскерилер арасында қақтығыс болып, соңы атыс пен төбелеске ұласқан-тұғын. ҰҰ «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Берік Тоқтаровтың айтуынша, қала көлеміндегі тәртіпсіздік кезінде 19 сарбаз жарақат алған. Оның сегізі – Өскемен, 11-і Семейдегі «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қарамағындағы әскерилер.


– Көпшілігі тыныс алу жолдарын күйік шалу, қол-аяқтары мен саусақтары сыну, шыны кіру, соққы алу сияқты жарақаттар алған. Барлығына да медициналық көмек уақтылы көрсетілді. Біздің өңірлік қолбасшылық тарапынан әр әскери жаппай тәртіпсіздік кезінде қаза тапқан сарбаздардың жанұясына бір күндік жалақымызды аудару туралы шешім шығарылды. Сондай-ақ моральдық тұрғыда қолдау білдіру де аса маңызды, – деді Берік Серікұлы.