Өскеменде дзюдодан облыстық турнир өтті

473
көрілім

Дзюдо орталығында өңірдегі самбо және дзюдо спортының негізін қалаушылардың бірі Григорий Бердустың жүлдесіне облыстық турнир өткізілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Аталмыш дода биыл үшінші мәрте ұйымдастырылды. Өскемен мен семейлік спортшылардан бөлек, аймағымыздың барлық аудандарынан балғын дзюдошылар келіп қатысты. Айта кетейік, татами тартысында 2008-2010 жылдары туған ұлдар мен қыздар жүлделі орындарды сарапқа салды. Қатысушылардың ұзын-ырғасы – 200-ден асып жығылды. Дзюдодан облыстың бас бапкері Бақытбек Дуановтың айтуынша, осы жолғы жарыс біршама жоғары деңгейде өтті.

– Әр салмақта бақталастық қызып тұрды. Қатысушылар да жоғары әзірлікпен жүргізіп, жүлде үшін бекініп келгендіктерін байқатты. Осы турнирді өткізуге ұйытқы болған Григорий Вердустың шәкірттеріне алғыс айтқым келеді. Алдағы уақытта да сайыс өз деңгейінде өтеді деген сенімдемін, – дейді Бақытбек Базарқатұлы.

Спортшылар 11 салмақта, оның ішінде, 48 келіге дейінгі дәрежеде қыздардың да белдескендігін айта кеткен абзал. Жүлделі орындарға көз жүгіртсек, жалпыкомандалық есепте Дзюдо орталығы жеке дара көш бастады. Олардың ізін ала, семейліктер екінші орынға жайғасса, Жамбыл атындағы мектеп-гимназия-интернатының спортшылары үшінші орын иеленді. Әр салмақтың үздіктері мен жүлдегерлері медальдар, грамота және бағалы сыйлықтарға ие болды.

Бұдан бөлек, Григорий Бердустың осы уақытқа дейін 15-тен астам КСРО спорт шеберін, студенттер арасында КСРО-ның екі дүркін чемпионы Ақылбай Елеуов сынды танымал дзюдошыны жаттықтырғанын айта кеткен орынды. Білікті бапкердің үш шәкірті қазірде еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысы.

Әділхан ЕСІМХАНОВ