Өскеменде Еңбек күні атап өтілді

315
көрілім

Салтанатты шара облыстық Мәдениет басқармасының «Ертіс концерт» залында өтті. Қызметі еленген еңбек адамдарын марапаттау рәсіміне облыс әкімі Ермек Көшербаев қатысты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ұйымдастырушылар сөзінше, Еңбек күні қыркүйек айының соңғы жексенбісі күні, әр жылы атап өтіліп келеді. «Ертіс концерт» залында барлық еңбек ардагерлері марапатталып, өңір басшысы Ермек Беделбайұлы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі атынан «Еңбек ардагері» медалін тоғыз адамға табыс етті.
– Елімізде жұмысшы мәртебесін арттыру, еңбек адамы идеясын насихаттап, оларға жан-жақты қолдау көрсетуге ерекше мән беріліп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, нағыз еңбек адамы – ол істің адамы. Яғни, әр ісіне, әр қадамына жауапкершілікпен қарайтын адал азамат. Береке-бірлік пен қажырлы еңбектің арқасында мемлекетімізді дамытып, халықтың жағдайын жақсартатын боламыз. Облыстағы түрлі салада жұмыс істеп, кәсіби маман атанған еңбек адамдарына алғыс білдіргім келеді. Қарапайым жұмысшылар қауымына деген құрметіміз әрдайым жоғары, – деді өңір басшысы.


Еңбек күнін атап өту 2013 жылы ел Президентінің Жарлығымен бекітілген. Ермек Көшербаев мемлекет экономикасы дамуын жұмысшылар еңбегінсіз өлшеу мүмкін еместігін жеткізді. Жиынның салтанатты бөлігі бітпей тұрып, концерт залының алдыңғы қатарынан орын алған меймандар рет-ретімен сахнаға шақырылды. Алдымен «Күршім орман шаруашылығы» орманшысы Оразғали Бақтияров, тракторист-машинист Павел Трегуб, агроном Владимир Ларионов, РОСТ ЖШС жүргізушісі Александр Колесников, «Терезе» ЖШС бас инженері Қазыбай Қадырбеков және тағы бірнеше тұрғынға «Еңбек ардагері» медалін тақты.

Концерттік нөмір әлі басталмаса да симфониялық оркестрдің сүйемелдеуі меймандар назарын аударып үлгерді. Жалпы, жыл сайын Еңбек күнін атап өту қарсаңында отбасылар өңір атынан республикалық конкурсқа қатысып отырады. Бұл ретте «Еңбек жолы» деп аталатын байқауға Аушиновтар әулеті қатысып, жүлделі екінші орынға ие болды. Одан бөлек, «Үздік еңбек династиясы» аталымында осы әулет топ жарып, көпшілік құттықтауына ие болды.
– Негізгі мамандығым – алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі. Бірақ өмірде таңдағаным – металлург мамандығы. Қазіргі уақытта Риддер қаласында тау-кен металлургия кешенінде жұмыс істеймін. Шамамен 13 жылдай болды. Әулетіміздегі алғашқы металлург – атам Мәлік Аушинов. Жұмысын 1973 жылы бастады. Әрі қарай жездем, анамның нағашы ағалары осы жолмен жүріп, өз кезінде түрлі наградаларға ие болды. Сонау 1973 жылдан бүгінге дейін алып қарасақ, әулетіміздің еңбек өтілін қосқанда 181 жылға жетеді, – деді Ринат Ерболұлы.
Катонқарағай ауданына қарасты Үлкен Нарын ауылының тумасы бүгінде қызметі бағаланып, металлургия кешенінде бригадир болып істеп келеді. ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Мусинованың сөзінше, өңірдегі қарапайым отбасының республикалық байқауда жүлдегер атануы шынымен де қуанарлық жайт.


Әрі қарай «Өндіріс саласының үздік жас маманы» номинациясы бойынша бірінші болып Дарын Шағыманов шақырылды. Бұдан соң тоңазытқыш жұмысшысы Гүлжанат Жұмаділқызы, Риддердегі «Сталь Тех Снаб» ЖШС-да токарь болып істейтін Мәди Ахметов және тағы бірнеше адам марапатқа ие болды.
Шараның ресми бөлігі тәмам болған соң «Ертіс концерт» шығармашылық ұжымы мен солистері және Астана қаласынан арнайы шақыртылған «Тұран» этно-фольклорлы ансамблі өз өнерлерін көрсетті. Абай Қайырбек, Жанат Бисембаев, Арника Байбусынова, Ботагөз Жұмабекова «Отан» әнін шырқап, «Тұран» фольклорлы ансамблі мен «Алтай» халық би ансамблі «Қаражорға» биін тарту етті.


Осы кезде «Еңбек ардагері» атанған Мәулия Жиындықызы жас кезінде жұмыста жүріп ұшырасқан қиындығы мен қызық сәттеріне тоқталған еді. Айтуынша, жүктелген тапсырманы уақтылы орындау үшін күн демей, түн демей еңбек етті.
– Сегізінші сыныпты бітірген соң колхозда істедім. Сауыншы да, жұмысшы да болдым. Кейінірек техникумге түсіп, сатушы болып еңбек еттім. Сатушы болған кезімде Коробиха ауылына дейін арбамен баратынбыз. Жол нашар өйткені. Бір ғана сауда емес, басқа да жұмысты қатар атқардық. Жалпы алғанда, еңбек өтілім 40 жылдан асады, – деді еңбек озаты.
«Ертіс концерт» шығармашылық ұжымы Исраиыл Сапарбайдың сөзіне жазылған «Ер Тұран» композициясын орындап, солистер ең соңында Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін біркісідей шырқады.