Өскеменде ер адам түнгі клубта танысқан әйелді тонап кеткен

928
көрілім

Қаңтар айының 25-і күні түнгі сағат 02.30 шамасында Өскемен қалалық Полиция басқармасы Ертіс ПБ кезекші бөліміне тонап кету фактісі бойынша қоңырау түскен, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Белгілі болғандай, шаһардың 44 жастағы жергілікті тұрғыны жүгініп, түнгі клубтардың бірінің алдында ер адам ішінде ақшасы бар әмиян салынған пакетті қолынан жұлып алып қашқанын алға тартқан.

– Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, патрульдік жасақ бейнебақылау камераларының көмегімен күдіктіні анықтады. Ол облыс орталығының 35 жастағы жұмыссыз тұрғыны болып шықты. Полицейлер оны бірден қолға түсірді. Күдікті ұрланған ақшаның бір бөлігін жұмсап та үлгерген екен, – делінген мәліметте.

Ұсталған адам ішімдікке қызып алыпты. Кейін кінәсін мойындап, қолды қылған заттары түгелдей тәркіленді.

– Тергеу барысында полицейлер жәбірленуші мен ұсталған ер адамның клубта жүріп танысқанын анықтады. Біраз уақыттан соң тысқа шығып әңгіме шертісіп тұрғанда әлгі танысы әйелдің қолынан ақша саланған пакетті жұлып алып, ізін суытқан, – деді ШҚО ПД баспасөз қызметіндегілер.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 191-бабы 1-бөлігіне (тонау) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Отыздың бесеуіндегі тұрғын 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.