Өскеменде «Әр отбасының өз батыры бар» жинағының тұсаукесері өтті

780
көрілім

Өңірлік кітапсүйер қауым мен оқырман назарына тағы бір жаңа кітап жол тартты. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Еркебұлан Зағыпаровтың құрыстыруымен жарық көрген кітаптың тұсаукесері Пушкин атындағы облыстық кітапханада өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Руханият саласында өңірлік ақын-жазушылар қаламынан шыққан жинақтар мен кітаптардың көбейе түскені көзіқарақты оқырманға зор қуаныш. Облыстық кітапханада әдебиет кемесіне мініп, қара сөздің қаймағын қалқып ішкен бірқатар жазушылар мен қоғам белсенділерінің қатысуымен «Әр отбасының өз батыры бар» кітабының тұсауы кесілді. Мазмұны Ұлы Отан соғысы тақырыбын қамтыған. Оның құрастырушысы ақын Еркебұлан Зағыпаровтың сөзінше, бұл қадам оң бастаманың алғашқы қадамы көрінеді.

– Ұлы Отан соғысының 75 жылдығына орай өңірлік білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы мұғалімдер мен кәсіподақ қызметкерлері арасында байқау жариялаған болатын. Сол байқауға қабылданған шығарма, эссе-өлеңдер қазақ және орыс тілдерінде, екі бағытта өтіп, жеңімпаздар мен жүлдегерлер есімі анықталды. Осы ретте байқауға қатысқан барша ұстаздар, білім және ғылым қызметкерлері мен кәсіподақ мүшелерінің еңбектерін жинақтап жариялап отырмыз. Мұны қолға алудағы мақсатымыз – мұғалімдердің көркем әдебиетке ден қоюларын қолға алып, олардың қоғамдағы мәртебесін айқындау еді, – деді ол.

Аталған жинаққа 74 еңбек енген әрі бұл бастаманы ұстаздар қауымы да жылы қабылдаған. Тіпті кейбірі жинақ жалғасын тауып жатса өз еңбектерін ұсынуға әзір екендіктерін жеткізген. Еркебұлан Зағыпаровтың сөзінше, оқырман әр еңбектен тың деректермен қанығады. Жазушы, публицист Әлібек Қаңтарбаев жинақтың тұсауы кесілер алдында сөз алып, біреудің еңбегіне түзету енгізу біршама күрделі іс екендігін жеткізді. Бір есептен, өзгенің жазбасын өңдеу барысында оның маңызын жоғалтып алмау да маңызды.

– Өңір көлемінде әр аудандардан екшеп алынған еңбектерді жинақтап, реттілікті сақтай отырып құрастырудың жауапкершілік жүгі өте ауыр. Ұлы Отан соғысы деп жатырмыз, шынымен де соның салдарынан талай қазақтың майдан даласында жерленбей қалғаны, қаншасының ұмыт қалғаны көпшілігімізге аян. Қалай болған күнде де сол сұрапыл соғыста ешбірі аянып қалмады. Аталарымыздың ерлігі дәріптеліп, оқырман мен өскелең ұрпаққа рух берер осындай жинақтардың көптеп шығуы әрине, қолдау білдірерлік бастама, – деді публицист.

Бұдан соң тұсаукесер рәсімін 31-ші арнаның облыстағы меншікті тілшісі Жанболат Санияз, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің өңірдегі тілшісі Мерей Қайнарұлы және жинақтың жарыққа шығуына сүбелі үлес қосқан Еркебұлан Зағыпаровтың рухани ұстазы Болат Досаев өткізіп, жинақты көпшілікке таныстырды. Сәтін салса, осынау еңбектің екінші томы да басылып, оқырман назарына ұсынылуы алдағы уақыт еншісінде. Өз кезегінде зайсандық ақын, Журналистер одағының мүшесі қолдау танытып, қолұшын берген білім саласы мен облыстық кітапхана қызметкерлеріне алғысын жеткізді.