Өскеменде «Әйелдердің ел дамуындағы рөлі» тақырыбында форум өтіп жатыр

2186
көрілім

Өңірдің әр түкпірінен жиналған нәзік жандылар түрлі тақырыптарды арқалап келіп, аталған жиынның әр қатысушыға берері мол екенін айтуда, деп хабарлайдыBuqara.kz сайтының тілшісі.
Аймақтың барлық облысынан дерлік келген меймандардың көбі ауқымды форумға алғаш қатысып отырғандарын айтты. Тақырып аясында келтірген мысалдары да жан-жақты. Айталық, Катонқарағай аудандық «Достық үйінің» директоры Наталья Гостева мұны тарихи шараға балап, қазіргі заманауи қоғамда әйел затының рөлі өсіп келе жатқанын, саналуан көзқарас қалыптасып келе жатқанын айтты.
- Республикадан біршама әріптестеріміз бен әр салада жемісті еңбек етіп жүрген лауазымды адамдар келіп жатыр. Мақсат тек әйелдердің рөлін айшықтау ғана емес, олардың көптеген күрделі істерге деген қабілетін ашу. Катонқарағай ауданында өңірдің дамуына үлес қосып жатқан нәзік жандылар жетерлік, алда тағы келсек деген жоспарымыз бар, - деді Наталья Александровна.
Еліміздегі Парламент Мәжілісінің депутаты Динара Зәкиеваның сөзінше, форум арқалаған жүк қазір қоғамда болып жатқан өзекті мәселелерді тізбелеп, соның шешу жолдарының тетігін іздеумен байланысып жатыр. Қазіргі уақытта Қазақстанда 9 миллион 800 мың әйел бар және уақыт өткен сайын әр салада бұрымдылар саны артып келеді.
- Кез келген түйткілді алсақ та, әйел адамдардың білдірер пікірі бар, олар да шешім қабылдай алады. Мәселен, бүгінде білім мен денсаулық сақтау салаларында нәзік жандылардың үлесі 72 пайызды құраса, кәсіпкерлік бағытында 43 пайызды көрсетеді. Шешімін таппаған жайттар әлі көп. Сол себепті осындай форумдарда бірігіп, тақырыптарды талқыға салу өте маңызды, - деді Динара Болатқызы.

Динара Зәкиева


Катонқарағай ауданынан келген тағы бір мейман Тоты Тілеудинова аталған әйелдер форумына алғаш рет келгенін айтты.
- «Amanat» партиясы ШҚО филиалы өткізетін басқа да шараларға үнемі қатысып тұрамын. Бірақ осы жиынның жөні бөлек. Тағы бір айта кетерлігі, «Қазақстан халқы Ассамблеясы» Катонқарағай аудандық Достық үйінің жанынан құрылған «Аналар кеңесі» бар. Сол кеңестің өкілі ретінде ұжым болып қатысып отырмыз, - деді Тоты Әбілғазықызы.
Тоты Тілеудинова еліміздегі гендерлік саясат бойынша да өз көзқарасын білдірді. Айтуынша, бұған әр саладағы көзқараспен ой білдіруге болады.
- Жалпысында, ер азаматтар қызметтің алдыңғы шебінде жүреді ғой. Десе де әйел затының өз орнымен басқара білуін әбестік емес деп білемін. Әсіресе, бала тәрбиесі, отбасын сақтау жағын алсақ, нәзік жандылардың басшылықта болуы құба-құп, - деді «Аналар кеңесінің» өкілі.
Айта кетейік, шара «Amanat» партиясы ШҚО филиалының мұрындық болуымен өтіп жатыр. Айгүл Байжанова, Динара Зәкиева бастаған жауапты тұлғалар сөз алып, әрі қарай түрлі тақырыпта баяндаламалар оқылып, «Amanat» партиясының Әйелдер қанатын құру бойынша ойларын ортаға салмақ. Ауылды жерлерден келген өкілдер көкейде жүрген сауалдарын қоя алады.