Өскеменде Фариза оқулары өтті

315
көрілім

Өскеменде облыстық Тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен Фариза Оңғарсынованың 80 жылдық мерейтойына орай «Жүрегім жырмен тербеген» атты облыстық Фариза оқулары өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Шараның мақсаты – жыр падишасы Фариза Оңғарсынованың шығармашылығын дәріптеу. Байқау үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде үміткерлер Фариза Оңғарсынованың өлеңдерін мәнерлеп оқиды, екінші кезеңде қазақстандық ақындардың Тәуелсіздікке арналған жырларын жатқа соғып, үшінші кезеңде ақын сөзіне жазылған әндерді орындайды.

– Бүгін біз Фариза Оңғарсынованың шығармашылығын жастар ортасына кеңінен тарату мақсатында осы шараны ұйымдастырып отырмыз. Ақын өлеңдерінің құдыреттілігі соншалық, ұлты қазақ жігітінен дос таба алмаған ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өзі Фаризаның өлеңдерін жоғары бағалап мұңдас болған, - деді ШҚО - Тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушысы Роза Төлемісова.

Байқауға 15 үміткер қатысты. Сайыс қортындысы бойынша Семей қаласындағы «Бизнес және сервис» колледжінің 2 курс студенті Нұрсұлтан Төлеубай бас жүлдені иемденді.

– Бүгінгі байқауға үлкен дайындықпен келдім. Шара жоғары деңгейде ұйымдасырылды. Қарсыластарым да осал емес екенін көрдіңіздер. Фариза Оңғарсынованың өлеңдерін, әндерін жүрекке жеткізе орындауда. Алдағы уақытта осындай шаралар жалғасын табады деген үміттемін, - деді ол.