Өскеменде кезекті рет «Маска» сыйлығының иегерлері анықталды

865
көрілім

ШҚО драма театры сахнасында үздік өнерімен көзге түскендер бүгін марапатқа ие болды. Ұзақ уақыт еңбектеніп, өзіне берілген рөлге еніп кететін талайы үшін шараның маңызы зор, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Шынымен де, көп өнерпаз мұны жыл көлемінде күтіп жүреді. Есімі аталып, еңбегі еленген әрбірі сахнаға беттеген кезде бөлекше күйге түседі. Жүзінде шаттық, қимылы ширақ. Мұның барлығы 27 наурыз, Халықаралық театр күніне орай ұйымдастырылған. Әдеттегідей, бұл жолы да қазақ, орыс және жастар труппасы қамтылды. Спектакль үшін емес, марапат алу үшін арнайы киініп келген. Облыстық драма театрдың бас директоры Руслан Қайырсынов айтқандай, осында келгелі биыл үшінші жыл атап өтті.

– Ең қуантатыны, уақыт өткен сайын мәдени ордаға келушілер саны артып келеді. Алда қазақ театрының 25, жастар театрының 10, сондай-ақ орыс театрының 90 жылдығы келе жатыр. Оның барлығы күнтізбеде бекітіліп, маңызды шара ретінде атап өтілмек, – деді директор.

Біртіндеп осы ортада тер төккендер есімі атала бастады. Алғашқылардың бірі болып сахнаға Нағимаш Ануарбекова, Қамит Қалық, Жасұлан Серкетаев, Марина Соколова сынды әртістер шақырылып, Алғыс хаттармен марапатталды. Осылай бірнеше аталым бойынша үш труппаның өнерпаздары тиісті марапаттарын алып жатты.

Аздан соң Қазақстан салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіподақтық қоғамдық бірлестігі ШҚО филиалының төрағасы Түсіпхан Түсіпбеков көпке сүйінші ақпармен бөлісті. Мұндағы ұжым хабардар әрине, десе де кейбір мейман үшін таңсық мәлімет.

– Биыл облыстық драма театры мақтан етерлік жетістікке жетті. Атап айтсақ, республика көлемінде өзінің ұжымдық шартымен бірінші орынды жеңіп алды. Ол марапат Астана қаласындағы халықаралық жиын кезінде табыс етілді. Осындай жетістіктерге кәсіподақпен бірлесіп жете берейік, – деді ол.

Шыны керек, театрдың әр саласында жүрген әрбірі сый-құрметке ие болды. Режиссер, актерлерден бастап, сондағы жарық түсіруші, қызметкерлердің барлығы тізімде тұрды. Бастысы, кімнің қандай аталым бойынша озық шығатыны соңғы сәттерге дейін жұмбақ еді. Сәлден кейін Дархан Жақыпұлы сахнаға беттеді. Түсіпхан Түсіпбеков кәсіподақтың ең жоғары марапаты «Еңбек даңқы» төсбелгісін табыстағанда зал қиқуға басты. «Құрмет грамотасы» да біршама өнерпазға берілді. Төртінші қабаттағы кіші зал үш труппа актерлерімен толып кеткен еді, ал олардың жан-жақтан дауыстай білдірген лебіздері сахнаға жан бітіргендей сезілді. Абай Хасенов, Ермахан Мұхаметбеков, Мирас Оразханов, Ернат Мұхаметқанов және тағы басқалары бұйырған жүлдесін қолына алды. Осы кезде Руслан Қайырсынов Рүстем Есдәулет атындағы арнайы жүлде иегерінің есімін көпке жария етті. Былтыр Арай Маралбекова осыған лайық шыққан еді, бұл жолы орыс театрының өнерпазы Марина Соколованың мерейі үстем шықты.