Өскеменде коронавирус жұқтырған зейнеткермен 198 адам байланыста болған

409
көрілім

Өскемен қаласында коронавирус жұқтырған алғашқы адам тіркелді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ілияс Мұхамеджанның айтуынша, жұқпалы індетке 1938 жылғы әйел адам шалдыққан. Ол дәрігерлерге 1 сәуір күні өзі жүгініпті. 
- Науқас бірден ауруханаға жеткізіліп, рентгенологиялық зерттеулер жасалды. Оған «пневмония» диагнозы қойылған. Пациенттен коронавируске қатысты алынған сынама оң нәтиже көрсетті, - дейді ол.
Басқарма басшысының сөзіне сенсек, зейнеткер қаңтар айында Ресейге барып келген. Қазіргі уақытта науқаспен байланыста болған 198 адам анықталып отыр. Олардың барлығы оқшауланды. 
Айта кетейік, осымен ШҚО-да коронавирус жұқтырған 3 адам тіркелді. Бұған дейін Мысырдан демалыстан келген Семей қаласының 2 тұрғынынан вирус анықталған болатын.