Өскеменде коронавирустың алдын алуға қатысты түсінік жұмыстары жүргізілді

359
көрілім

Өскемендегі №1 қалалық ауруханасында коронавирустан қорғану және оның белгілері туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.

2019 жылы 31 желтоқсан күні Хубэй провинциясындағы Ухань қаласының Денсаулық сақтау комитеті 27 белгісіз этинология пневмониясы тіркелгені туралы хабарлаған. 9 қаңтар күні алғашқы жағдайлар тіркеле бастады. 13 қаңтар күні аталған вирус Таиландта тіркелді. Осылайша ҚХР-да коронавирус тарай бастады. Бүгінгі таңда вирустан алдын ала қорғануға байланысты түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

- Біздің бұл жерге келгендегі басты міндетіміз медицина қызметкерлеріне коронавирустың басты белгілерін және вирус белгілері байқалған науқасқа жедел медициналық көмек түрлерін түсіндіру, - дейді Семей медициналық университеті Жұқпалы аурулар және иммунология кафедрасының доценті Смаилов Ербол Муслимұлы.

Әлем елдері қауіптеніп отырған бұл коронавирусқа (2019-nCoV) қарсы екпе әлі де жоқ. Біздің мемлекетіміздегі әуежайларда оқу-жаттығу жұмыстары жүргізіліп, дене қызуын анықтайтын құрылғылар орнатылған болатын.

- Бүгінгі күні бізде коронавирустық инфекция жоқ және болмайды деп үміттенеміз. Алайда еліміздегі барлық медицина мекемелерінде аталған вирустың алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Егер осы ауру белгілері байқалса науқас дереу ауруханаға жеткізіледі. Ауруханалар науқасты емдеуге арналған дәрі-дәрмектер, қажетті заттармен толықтай қамтамасыз етілуде, - дейді ШҚО ДСБ штаттан тыс дәрігер-инфекционис Назигүл Сапарғалиева.

Ербол Муслимұлы аталған вирус ешқандай жаңадан пайда болған жоқ, осы уақытқа дейін бұл жануарларда, оның ішінде түйе, мысық және құстарда кездескенін айтып өтті.

- Коронавирустың белгісі тұмау немесе ЖРВИ-дің белгісіне ұқсас болып келеді. Яғни жөтел, дене қызуы көтерілуі, әлсіздік басу, қалтырау мен ентігу немесе демікпе болған жағдайда міндетті түрде дәрігерге қаралғаныңыз жөн. Сондай-ақ кейбір науқастарда асқазаны ауырып, жүрек айну, сүйектері сырқырап, конъюктивтит шығу сынды белгілермен де байқалады, - деп түсіндірді Ербол Смаилов.

Вирус адамнан адамға түшкіру, ауа арқылы да жұғады. Сол себепті қолыңызды жиі сабынмен жуып, мүмкіндік болса қолды дизенфекциялауға арналған құрал алып жүріңіз. Ет, жұмыртқа өнімдерін жақсылап жуып пайдаланыңыз, науқас адамдармен байланысты болмауға тырысыңыз және бөлме ауасын жиі желдетіп тұрыңыз.