Өскеменде «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» трагедиясының тұсаукесері өтті

2182
көрілім

Шынайылық пен іңкәрлік, жастық пен махаббат, адалдық пен адамдық тақырыптарын сөз етер қойылымның ұзақтығы екі сағаттан асса да жиналған жұрт бір деммен тамашалап шықты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Рухани азық алуға асыққан студенттер мен оқушылар, тұсаукесерден айрықша әсер аламыз деп бекінген азаматтар мен нәзік жандылар алған билеттерін бағдар етіп орындарына таяды. «Кәне, қай жер екен? Кешіріңіз, өтіп кетсек...» деп қарайласып барып орныға бастады. Сағат 17:30-дан кете облыстық Драма театры залының жарығы сөндіріліп, бар назар сахнаға ауды. Иә, басқа өңірлерде бұл талай рет сахналанған. Ал Өскеменде тұсаукесері ақпан айының 25-і күні кесілді. Оқиға желісіне көпшілігі қанық. Дегенмен режиссер қандай жаңашылдық қосты екен? Қойылым басталғанша осындай жайттар ой иіріміне түсіп жатты.

Трагедия актерлері иін тіресіп, сән-салтанатпен басталған сәттерден-ақ қазақ жігіттерінің өр мінезі мен сөзге тұрысқан елдің еркін ұлдары екендігін аңғаруға болады. Сөз саптаулары, сөйлемдегі әр сөздің көрермен құлағына тұнық әрі жағымды дикциямен жетуі Қазақ драма театры ұжымының жарты жылдық еңбегінің жемісі деп білуге болады. «Қыз деген қырсықтан басқа не беріпті Құдай?!» деп аһ ұрған Қарабайдың монологы, ішкі толғанысы киіктің лағындай сұлу қыздың әкесі болудың қандай жауапкершілік екендігін сезіндіріп, уайым әкелетінін айқын жеткізді. Қодардың кенеттен келіп, жырынды жігіттерімен Қарабайдың жылқысын айдап әкеткендегі отағасының абдыраған сәті де көрермен көңілінде сақталғандығы шүбәсіз.

Қозы сөзсіз талабы таудай текті бозбала. Ерінен ерте айырылған анасы Мақпалдың ақылымен сусындап өскен жастың өжеттігінен бөлек, бұла күші бойына жиналғандығы қойылымның өн бойынан байқалды. Қарабай болса атастырған Баянын жетімге бермеймін деп үдере көшкен. Қазан көтерудің қамымен жүрген анасы Мақпал отын арқалап әкеліп, пеш алдында бір сәт ойға батқанда Баянды сөз етіп, атастырған жанның жарық дүниеде дін-аман екенін білсе, құлыншағының не күйде боларын бір сәт ой елегінен өткізді. Жо-жоқ. Қозы мұны білмеуі тиіс. Екі жас қауышқан сәттен бастан өмірдің ауыр соққысы бірінен соң бірі тиіп, аларған көздер әбден діңкелететінін ойлады. Бауыр еті баласы мұны естіп, анасының ойға батқанын таяқ тастам жерден көріп тұрды.

Асқар ала таудың екі жағында тұрып, сыр шертіскен бұлбұлдардай бір-бірлерінен тым жырақта жүрген жастардың жүрек соғыстары күн өткен сайын бір мезетте соға бастағандай. Баян деген сөз құлағына әлденеше рет жеткен соң дүние жарықта өзі білмейтін әлдебір құпияның барын сезіп, анасын сұрақтың астына алып, бар білгенін сыртқа төгуін сұрайды. Сыр білдірмейін деді, болмады, Қозы мұрша берер емес. Шындықтың бөгеуі ағытылған соң толқындар Баян деп күңіреніп, ұшқан құс Баян деп сайрап, жатса-тұрса ойынан шықпады. Осы ретте сценарий жазу тұрғысынан айрықша мән берілгенін атап өткен жөн.

– Қойылымды әзірлеуге алты айдай уақыт кетті. Өткен жылдың тамыз айында қолға алдық. Актерлер рөлдерін ойдағыдай алып шықты. Бұған дейін қанша мәрте сахналанса да, Өскеменде қазақ театры құрылғалы тұңғыш рет қойылды. Қиындық тудырған сәттер де болды. Десе де жұмысымызға деген ықыласымыз айрықша, кем-кетігін дайындық барысында толтырып отыруға тырыстық, – дейді қойылым режиссері Асыл Қозықанов.

«Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» эпосы сонау XII-XIII ғасырдан бастап жырланып келсе, бертіндері Ғабит Мүсірепов пьеса қылып жазғаны жалпақ жұртқа аян. Асыл Оралханұлының сөзінше, танымал жазушы пьесасына жыршылар образын қосу арқылы өзіндік жаңашылдық енгізілген. Ақыл құсы адастырған Қодар Қозыға қанжар сұғып, Баянның жоқтау сәтін естігенде: «Жарасқан жастардың жазығы не?!» деп аһ ұрған сәтінде де махаббат кемесіне батқан бейбақтың ішкі толғанысы көрер көзді сүйсіндіртпей қоймады.

Әділхан ЕСІМХАНОВ,

Фотосуреттер автордікі