Өскеменде Күршім ауданының жәрмеңкесі өтіп жатыр

1321
көрілім

Әдеттегідей таңғы сағат 8:00 болар-болмастан шаһар тұрғындары мен қонақтары ауылшаруашылық өнімдерін сатып алуға кіріскен, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бұл жолы сәл өзгеріс бар. Барлығы баяғыша өтуде, тек күршімдік кәсіпкерлер осы сенбіде Дос-Нар базарының алдына келді. Сөреге ет, сүт, балық, балық өнімдері, балдан бастап, құрт, ірімшік сынды жеңсік тағамдар қойылған. Аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Қуанған Қарағызовтың айтуынша, 12 ауылдық округтің барлығы толықтай келген.


- Облыс әкімінің орынбасары Ержан Нұрбаев бекіткен кестеге сәйкес осы жолы Дос- Нар базарына келдік. Бірінші өзгешелік осы десек, бұл жолы осыған дейінгі әкелінген өнімнің жартысын саудалап жатырмыз. Бұл екінші өзгеріс. Әйтсе де түс ауғанға дейін көп бөлігі сатылып кететіндігіне сенімдіміз. Келушілер саны аз. Айта  кетерлігі, Балықшы ауылдық округі тек балық және балық өнімдерін, ал Маралды округінің кәсіпкерлері бал мен бал өнімдерін әкелген, - деді Қуанған Сәйпішұлы.


Сиыр, қой етінің бір келісі 2100, жылқы еті 2300 теңгеден, Маралды балының бір келісі 1200-1400 теңгеден сатылып жатыр. Барлығы 10 тоннадан астам өнім әкелініпті. Кәсіпкерлердің айтуынша, сауда жасап жатқан қалалықтар қарасы орташа.
- Сарыөлең ауылдық округінен 150 келідей сиыр еті, сондай-ақ құрт, ірімшік сияқты сүт тағамдары әкелінген. Үйден жеткізілген ет болғандықтан бекітілген баға, яғни 2300 теңге емес, бір келісін 1800 теңгеден сатудамыз. Шыны керек, әзірге сауда жөнді жүрмей жатыр, - деді "Елдар" шаруа қожалығының басшысы Серік Есімханов.

Қалалықтар сүт өнімдерін сағынып қалғандай. Гүлмарал Мерекеқызының айтуынша, жәрмеңкеге келмегеніне көп болды. Еттен бөлек,сүт пен екі келі ірімшік сатып алды. Бастысы, баға қолжетімді.
- Дәстүрлі түрде бал өнімдерін саудаға шығардық. Бекітілген бағадан 10-15 пайыз арзан сатылып жатыр. Соған сәйкес тұтынушылар тарапынан сұраныс артқан. Одан бөлек, омарта шаруашылығының басқа да өнімдері, ара тозаңынан бастап забрус, арадан жасалатын дәрілерге дейін бар, -деді  Маралды ауылдық округінің әкімі Досым Жұмағалиев.