Өскеменде Күршім ауданының жәрмеңкесі өтті

1522
көрілім
Фотосуреттер автордікі

Бұл жолғы жәрмеңкенің өзгеше өткенін қала тұрғындары да айтып жатты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Алдымен Сарыөлең ауылдық округінің 60 жылдығын, сосын Көкжал Барақ батырдың 320 жылдық мерейтойын атап өтіп, қос бірдей науқанды тәмамдап келген күршімдіктер Өскеменге күні бұрын келген. Олай етпеске тағы келмейді: Қызыл Ту өткелінен өтіп алып, «Freshmarket» фермерлік гастрономының жанында сауда сөрелерін дайындаулары керек. Күн де қар жаумағанның өзінде әлсін-әлсін ызғар шашып, алыстан келген өңір кәсіпкерлерін сынай қарағандай. Әдеттегідей, 12 ауылдық округ толық келіп қатысты. Жәрмеңке басталар уақыт таңертеңгі сағат 8:00 делінгенімен, тұрғындар қарасы молайғанша бір сағаттай өтті. Әкім болып тағайындалғанына көп болмаған Күршімнің жаңа басшысы Алмат Ақышев та осы уақытта шара бойынша ақпаратпен бөлісті.


- Ауыл тұрғындарына экологиялық таза өнімдерді қолжетімді бағалармен сатып алуға тамаша мүмкіндік бұл. Аудан азаматтары мен шаруа қожалық иелері де өз тауарларын саудалауда. Облыс әкімінің осындай бастамасы жалғаса берсе, әрине, нұр үстіне нұр. Бұл жолы Күршім ауданынан үш тонна сиыр етін, 1700 келі жылқы етін, 800 келідей қой етін, екі тонна балық, 200 келі бал әкелдік, - деді Алмат Талғатұлы.


Мұнымен қатар, құрт, ірімшік, кілегей, сары май, өзге де жеңсік тағамдар да сөреге тізілді. Алмат Ақышев Күршім жұртының көбінде мал шаруашылығына басымдық беретінін айтып, жайлаудан түскен төрт түлік етінің ақтарылып тұрғанын жеткізді. "Бастысы, көпшілік риза болса игі еді" деді. 


Аздан соң облыс әкімі Даниал Ахметов те келді. Ет, бал, сары майдың бағасын көріп, өзі де сауда жасады. Жалпы, осыған дейін Ұлан, Тарбағатай, Алтай аудандарының жәрмеңкесі өткен. Ол кезде де ет өнімдеріне сұраныс жоғары болды.
- Әр сенбіде осы жаққа асығамын. Көбінде ет аламын. Ауылдан табиғи таза өнімдер әкелінеді, әрі бағасы қолжетімді. Кейде саудаласамыз, түсіріп береді, - деді қала тұрғыны Гүлшат Оралова.


Осы кезде егде жастағы ерлі-зайыптылар шортан мен сазанды ала қаптарына сүңгітті. Дәл іргесінде құрылған сахнада аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары ән шырқап, жәрмеңке көркін одан әрі қыздырып жатты.
Әділхан ЕСІМХАНОВ