Өскеменде Күршім ауданының жәрмеңкесі өтіп жатыр

2302
көрілім

Күн күрт суытып, сынап бағанасындағы сандар біршама сырғи түссе де, сатып алушылар легі толастаған жоқ, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Күршімдіктер осымен бесінші рет келіп отыр. Өнім көлемі өзгере қоймаған, бұл жолы да молынан әкеліпті. Сағат 8:00-де басталады деп ақпарат ұсынылып, хабарландырулар таралғаны сол екен, қалалықтардың таңсәріні асыға күткендері байқалады. Әдеттегідей, музыка қосылып, «Freshmarket» фермерлік гастрономының алдында жұрт жиналды. Ала қапшық пен дорбаларын қолына алған тұрғындар әр ауылдық округ тауарлары тізбеленген сөрелерді кезек-кезегімен аралай бастады. Жүзі қайралып, сәулесін еміс-еміс төккен күнге шағылыстыра ұстаған ер азаматтар сатып алушыларға етті пәрмендете шауып жатыр. Әр уақытта бар өнімін әкелетін 12 ауылдық округ басшылығы тегіс жиналып, саудаларын жүргізіп жатыр. Күршім аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қуанған Қарағызовтың айтуынша, барлығы 15 миллион 800 мың теңгенің өнімі жеткізіліпті. Күні бұрын келіп, жәрмеңке өтетін жерді дайындаған. 
– Әкелген өнімдеріміздің негізгілерінің бірі – сиыр еті, 2600 келі. 1200  келі қой еті, дәл осынша көлемде жылқы етін әкелдік. Оған қоса, бал мен балыққа да басымдық берілді. Соған байланысты 200 келі бал, үш тонна балық сөреге қойылды. Жалпы, сауда жақсы жүріп жатыр, – деді Қуанған Сәйпішұлы.
Қалалықтардың жәрмеңкеге қатысты пікірі әралуан. Барлығы бағаға келгенде ойларын өзгертіп жатты. Бірі ет өнімдері хабарландырулармен салыстырғанда сәл қымбат десе, бірі ауылдан сарқыт келді деп ризалық білдірді.
– Әдетте аудандар құрт-ірімшік әкелсе, бірден сатып аламын. Бірақ бұл жолы балық алдым. Сазаны мен шортаны аралас. Күршімнің қақталған балығы дәмді. Жәрмеңкеге анда-санда келемін, кейбірімен саудаласып, бағаны түсірткізіп аламыз, – деді Гүлдана Омарова.
12 ауылдық округ бойынша 25 шаруа қожалығы келген. Ауыл шаруашылығы бөліміндегілер нарықтағы бағамен салыстырғанда 10-15%-ға төмендетіп сатып жатқандарын айтты. Аяз да сәт сайын екпінін күшейтуде. Ауылдық округ әкімдері түс ауа өнімнің біршамасы сатылып кетер десті.
Әділхан ЕСІМХАНОВ