Өскеменде Марат Қабанбаевтың шығармашылығына арналған кеш өтті

585
көрілім

А.С. Пушкин атындағы кітапханада  балалар кітабы күніне орай биылғы жылы 75 жылдық мерейтойы аталып өтіп жатқан жерлес балалар жазушысы, публицист Марат Қабанбаевқа арналған «Бала жанының жаршысы...» атты ауқымды шығармашылық кеш өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайьыгың тілшісі.
«Білімнің бас құралы –кітап» - деп Ахмет Байтұрсынов айтқандай, білімді ұрпақ тәрбиелейміз десек, бұл жердегі біздің де мақсатымыз да балаларды бала кезінен кітап оқуға баулу, мейлінше өз үлесімізді қосу. Өйткені адамды адам еткен- кітап, адамзат еткен –кітапхана екені сөзсіз.
Жазушының «Пысық болдым мінеки» шығармасындағы ұлттық болмыстың өзіндік ерекшелігін аша білгені үшін Х.К.Андерсен атындағы дипломның бірден бір иегері Марат Қабанбаев шын мәнінде бала жанының жаршысы бола білген қаламгер.
     Бала күнінен географиядан сабақ беруді армандадаған  болашақ жазушы, бір қызығы шытырман оқиғалы әдебиетке құмар болған екен. Бастауыш сыныптардың өзінде-ақ ол «Робинзон Крузо» романын оқып, содан кейін барлық бос уақытын анасы жұмыс істейтін кітапханада өткізген.
Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ қолына қалам  алып жазуға құштар болған бала жазушының әңгімелері балалар журналында жарық көре  бастайды. Жас кезінен шығармашылыққа  құштар болған ол еңбек жолын аудандық газеттен бастап, кейіннен журналистика факультетіне оқуға түседі. Ересектер үшін  әңгімелер, балалар үшін – повестер, тіпті романдар да жазады.


Орта және үлкен жастағы балаларға арналған көптеген кітаптардың авторы, олардың арасында «Арыстан, мен және виолончель», «Жиһанкез Тити» және «Бақбақ басы толған күн» атты повестер жинағы жарық көрген. Осы оқиға бойынша «Қазақфильм» студиясында «Сіз 12 жаста болғанда» (1979) толықметражды көркем фильмі де түсіріледі.
     М.Қабанбаев өзінің шығармаларымен жастарды жоғары моральдық жауапкершілікке тәрбиелейді. Ол өз кітаптарында адамгершілік, мейірімділік арқылы әлемді жақсы жаққа өзгертуге болатындығын дәлелдеп кетті. Жазушының шығармалары көптеген шет тілдеріне, оның ішінде  орыс,  украин, молдаван, латыш, неміс, өзбек тілдеріне  де аударылған.  Ал алғаш рет орыс тіліне 2021 жылы «Жиһанкез Титти» әңгімесін жерлес жазушымыз Нұрбану Мырзабекқызы Ахметбекова аударды.


 Ал бүгінгі әдеби кешке қатысқан жас оқырмандар оның еңбектерін талдауға өте белсенді қатысып, кез-келген сұраққа мүдірмей жауап беруі арқылы  жазушының  шығармашылығын  жан-жақты зерттеп, оның өмірбаянымен жете  танысқандықтарын  көрсетті. Кей оқушылар қаламгердің жеке шығармаларынан электрондық викториналық сұрақтар, түрлі ойындар дайындап әкеліп, шараға қатысқан барлық оқушыларға жазушының шығармашылығымен тереңірек танысуына себепші болды. Кеште жазушының әңгімелерінің айтар ойы мен идеясы, шығармаларының тәрбиелік мәні кеңінен талқыланды. Кешке қатысқан әрбір оқырман жазушының шығармашылығы  жайлы толық мағлұмат алып, ондағы түрлі кейіпкерлердің жақсы қасиеттерін үлгі тұтып, рухани байып қайтты.
  Бүгінгі іс-шараны жоспарлаудағы біздің  көздеген  басты мақсатымыз да осы еді.