Өскеменде Марат Қабанбайдың жүлдесіне арналған байқаудың жеңімпаздары марапатталды

829
көрілім

Аталған шара Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапханада өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Былтыр қараша айында алауын жаққан әдеби байқауға 128 шығарма қабылданған. Қатысушылар дені 7-17 жас аралығындағы жеткіншектер мен оқушылар. Ұйымдастырушылар Зайсан топырағынан шыққан қаламгердің әңгімелері мен повесьтерін сүйіп оқитын буын барын айтып, мұны зор қуаныш деді. Бір есептен, Марат Қабанбайдың Мұхтар Әуезов атындағы Қазақстан Жазушылар одағы жүлдесінің лауреаты, һәм Х.К.Андерсен атындағы Құрмет грамотасын алуы осы мысалдың айқын көрінісі.


– Жерлес жазушының кітаптары украин, молдован, неміс тілдеріне аударылды. Қай шығармасын алсақ та, балалар қызығушылығын басшылыққа алады, – деді кітапхана қызметкерлері.
Кітапхана директорының орынбасары Жанат Жиенбекова әдебиет бәйгесінде бақ сынаған әрбірінің ақылды, дарынды бүлдіршін екендігін айтып, шараның алда ауқымы кеңейе түсетіндігін айтты. Одан бөлек, жеңімпаздар мен жүлдегерлер есімін атамас бұрын көпті елең еткізген ақпармен бөлісті.


– Түрлі тақырыптарды қамтыған жұмыстар түсті. Ізденіс жасағандарыңыз көрініп тұр. Әйтсе де, қазылар шығармашылық қадамдарыңызға көз жүгірте келе барлықтарыңызды байқау жеңімпаздары деп шештік. ЮНЕСКО жүлдесін алған атамыз жас оқырмандардан бастап, ересек буынды да әдебиет тереңіне бойлата білді, – деді Жанат Жиенбекова.


Айта кетер жайт, қатысушылар алты жанр бойынша жұмыстарын ұсынған. Ішінде бейнеролик әзірлегендер де бар. Соларды марапаттаған «Автоматтандыру бөлімінің» меңгерушісі Данил Кузютин келіп түскен көп жұмыстан креатив пен тиянақтылық байқағанын жеткізді.


Барлығы дерлік бағалы сыйлықтарға ие болды. Планшеттен бастап қысқа штативке шейін берілді. Балаларды онлайн ойын мен сөзжұмбақ бағыты ерекше қызықтырғанын байқауға болады. Темірлан Санатов, Жансая Жұмағалиева сынды оқушылар гаджеттерден гөрі кітап оқуды жиілеткен жөн деді. Ал Марат Қабанбайдың шығармашылығы хақында «Қабан қырғын», «Құралай» атты әңгімелері ерекше есте қалғанын жасырмады.