Өскеменде мемлекеттік тіл білімі байқауы өтті

870
көрілім

Бүгін Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапханада 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні мерекесіне орай байқау өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

«Кел, сөйлесейік!» балалар клубы жобасының аясындағы мемлекеттік тіл білімі байқауы «ҚАЗАҚ ТІЛІ – ДОСТЫҚ ТІЛІ» деп аталды. Мұндағы мақсат - мемлекеттік тілді насихаттау, балаларды кітап оқуға, ізденуге, шығармашылыққа бейімдеу.

Байқауға қаладағы орта мектептерден 30-ға жуық бала қатысты. Олар бейбітшілік, бірлік, достық туралы мақал-мәтелдерді жатқа айтып, өлең оқып, сурет салып, өз білімдері мен өнерлерін көрсетті. 4 топқа бөлінген балалардың ішінен үздік деп танылғандарды марапаттауға Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ирина Смит келді.

- Жалпы бұл күні ешбір баланың дайындығы, еңбегі ескерілмей қалған жоқ. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққандарға Грамота мен бағалы сыйлықтар табысталса, қалған қатысушыларға да мақтау қағазы мен кітап берілді. Жарыстан гөрі достық рәуіште өткен шара соңында жиналғандар хормен ән шырқап, көтеріңкі көңілмен қоштасты. Егер қазақ тілін меңгергісі келген балалар болса кітапханамыздағы «Кел, сөйлесейік!» балалар клубына қатыса алады. Есігіміз әрдайым ашық!, - деп хабарлады кітапхана қызметкерлері.