Өскеменде нар тұлғалардың мүсіндері азып-тозып тұр

405
көрілім

Облыс орталығында Мұзтаудың мұзбалағы Оралхан Бөкей мен металлургия саласына еңбегі сіңген өнертапқыш Ахат Күленовтың ескерткіштері қараусыз қалып барады. Қара сөздің қаспағын қырған қаламгердің иегі шытынап, тұғыры қирап тұрса, өндіріске жүзге жуық жаңалық әкелген Ахат Сәлемхатұлының есімі мүлде түсіп қалған.

Сөзден маржан түйген классик жазушы Оралхан Бөкейдің ескерткіші Жібек маталар комбинаты ықшам ауданындағы Комсомол көшесінің бойына 2013 жылы орнатылған. Дәл осы ауданда қаламгердің аты берілген №44 мектеп бар. Мүсіншілер Евгений Непиянов пен Владимир Самойлов қашаған ескерткіштің ашылу салтанатына сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысқан еді.

Арада алты жыл өтті. Осыншама уақыт Төр Алтайдың тұғыры биік тау тұлғасының мүсіні ескерусіз тұрғандай. Олай дейтініміз, иегі шытынап, бояуы бүлінген ескерткіш қабыршықтанып түсіп жатыр. Тұғыры да қирай бастаған.

– Шығармаларымен шартарапқа аты мәшһүр шебер жазушы Оралхан Бөкейдің ескерткіші туған жері Шығыс Қазақстанда жетімсіреп қалғаны қынжылтады. Бұлай азып-тозып тұра берсе, біраз жылдан соң қақ жарылып, құлап қалуы да ғажап емес. Осыған неге қала әкімдігі мен облыстық Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы назар аудармайды?! – деп наласын білдірді Өскемен қаласының тұрғыны Әмірбай Наурызбайұлы.

Қорғасын қоры мол шикізатты өңдеудің әлемде теңдесі жоқ жаңа әдісін игерген инженер-металлург, есімі шет елдерге де кеңінен танымал Ахат Күленовтың бұрынғы Металлургтер мәдениет сарайы қазіргі Достық үйінің алдында орналасқан ескерткішінің де жағдайы мәз емес.

– Металлургия саласын жаңа белеске көтерген ұлтымыздың мақтанышы Ахат Сәлемхатұлының мүсінінде есімі жазылған жазу түсіп қалған, – дейді Бақтияр Мұхамедов, – Жергілікті биліктің Халық Қаһарманы атағын алған, 130-дан астам ғылыми еңбек авторының 4 әріптен ғана келетін есімін қайта жазуға қауқарсыздық танытқаны қалай?! Осы олқылықтың орны толтырылса екен дейміз.

***

Қазақтың маңдайына біткен дара тұлғалар Оралхан Бөкей мен Ахат Күленов мүсіндерінің мүсәпір күйге түскені өкінішті-ақ. Елі үшін еңбек еткен ерек жандардың ескерткіштері елеусіз қалмауы керек. Біздікі жай кемшілікті көрсету ғана. Айтылған сынға билік басындағылар құлақ түріп, оңды шешім шығарады деген үміттеміз.

Біздің анықтама

Оралхан Бөкей – 1943 жылы 28 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданы Шыңғыстай ауылында дүниеге келген. Жазушының «Қамшыгер» атты повестер мен әңгімелерінің тұңғыш жинағы 1970 жылы Алматыда жарық көрді. Оралхан Бөкейдің шығармалары орыс, ағылшын, француз, неміс, жапон, араб, қытай және басқа да халықтардың тілдеріне аударылған.

Ахат Күленов – 1932 жылы Павлодар қаласында туған. Өскемен қорғасын-мырыш зауытында цех бастығы, бас инженер, бас директор, «Қазполиметалл» мемлекеттік өндірістік бірлестігінің бас директоры (1987–91), «Өскемен қорғасын-мырыш комбинаты» ЖАҚ-ның президенті (1991–95) қызметтерін атқарды. КСРО Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты (1985), Еңбек Қызыл Ту (1971), Қазан революциясы (1974) ордендерімен және медальдармен марапатталған.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ

Фотосуреттерді түсірген автор