Өскеменде оқушы көліктен жарты миллион теңге жымқырған

2231
көрілім

Қараша айының ортасында Өскемен қалалық Полиция басқармасы Үлбі полиция бөліміне «102» жедел арнасына облыс орталығының тұрғыны хабарласып, көлігінен ақша ұрланғандығына шағымданған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Белгілі болғандай, 29 жастағы тұрғыны қоңырау шалып, кешкі уақытта белгісіз біреу үйінің ауласында ашық тұрған «ВАЗ» көлігінің салонынан қомақты қаражатты ұрлап кеткені туралы айтқан. Келтірілген залал 510 000 теңгені құрады.

Оқиға орнына жеткен жедел-тергеу тобы күдіктінің саусақ іздерін анықтады, сондай-ақ ұрлық жасалған сәт «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешенге түсіп қалған.

- Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полицейлер ұрлық жасады деген күдікпен 15 жастағы мектеп оқушысының жеке басын анықтаған. Тексеру барысында жасөспірім бұрын бірнеше мәрте ұрлық жасап, қыркүйектен бастап Өскемен қалалық полиция басқармасына есепте тұрғаны анықталды, - деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.

Жасөспірім апасымен бірге тұратыны, ал анасы бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқаны белгілі болды.

Қазіргі уақытта жасөспірім ШҚО білім басқармасының Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды. Бұдан кейін жиналған материалдар кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияда қаралады.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігінің 3-тармағына (Ұрлық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталды.