Өскеменде өтіп жатқан еркін күрестен жастар арасындағы ел чемпионатының екінші күні кімдер оза шапты?

1088
көрілім
Фотосурет автордікі

Облыс орталығы елішілік маңызды додалардың бірін былтыр да қабылдаған еді. Биыл да ұйымдастыру деңгейі өткен жылмен салыстырғанда еш төмендемеген. Оған қоса шығысқазақстандық палуандар тамаша белдесу көрсетуде, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Чемпионаттың алғашқы күнін жергілікті палуандар үшін сәтсіз аяқталды деуге келмес. Бір салмақта екі палуан тұғыр сатысына көтерілді. Жалпы наурыз айының 2-сі күні 57, 61 және 86 келіге дейінгі салмақ дәрежелерінде бәсеке өрбіді. Қызығы сол, 57 мен 61 келіге дейінгі салмақтарда былтырғы чемпиондар осы жылы да өз мықтылықтарын дәлелдеп, үздік шықты. Айталық, 57 келіге дейінгі дәрежеде ақтөбелік Мейрамбек Қартбай, 61 келіге дейінгі салмақта шымкенттік Асыл Айтақынның айдарынан жел есті. Асыл шешуші сында жергілікті Мұхтар Сейітовтың жолын бөгеді.

ҚР чемпионаты. Екінші күн. Финал. Әділ Оспанов, Бекзат Ермекбай. 65 келі

Соңғы уақытта Мұхтардың есімі де ел ішіне белгілі бола бастағанын айта кеткен орынды. Естеріңізде болса, былтыр Алматыда өткен ересектер арасындағы ел чемпионатында Әлемдік аламанның екі дүркін жүлдегері Нұрислам Санаевтың жауырынын жер иіскетіп, көрермен көзайымына айналған болатын. Айтпақшы, осы палуан былтыр 23 жасқа дейінгі ел чемпионатының қоласын қанжылаған еді. Биыл күміске қол созды. Демек бапкерлік құрам да бұл тұрғыда жүйелі жұмыс атқаруда. Ал 61 келіге дейінгі салмақтың қоласы зайсандық Мұхамед Балғабайға бұйырды. Былтыр жүлдеден шет қалған жерлесіміз биыл сенімді өнер көрсетіп, үздік үштікке енді. Осылайша, сайыстың бірінші күні облыс палуандары бір күміс, бір қола жүлде иеленді.

Ал чемпионаттың екінші күні 70 келіде біршама тартысты текетірестер тіркелді. Мұның алдында 65 келіге дейінгі дәрежеде бапкерлер тарбағатайлық Олжас Олжақановтан жүлде күткенмен ол үміттері ақталмады. Олжасқа олжа салу мүмкін болмады. Уақа етпес. Алда әлі біршама жарыстар бар. Есесіне 70 келіде қоржынға бірден екі медаль түсті. Қола медаль кіші финалда қарсыласын уақытынан бұрын ұтқан Самат Қалтаевқа бұйырды.

Самат Қалтаевтың ұпай ала бастаған сәті

Ал шешуші сында катонқарағайлық Досжан Әсетовке тең келері болмады. Бұл ретте, Досжан жайлы бөлек мақала жазылатынын айта кетейік.

70 келі. Финал. Досжан Әсетов пен Санжар Досжанов

Сөйтіп, шығысқазақстандық спортшылар бәсекенің екінші күнін бір алтын, бір қола медальмен аяқтады. Назарларыңызға екінші жарыс күнінің нәтижесін ұсынамыз:

65 келі

1. Әділ Оспанов (Қарағанды).

2. Бекзат Ермекбай (Шымкент).

3. Яссауи Мұхтарұлы (Алматы).

3. Ауез Сейтбаев (Алматы).

70 келі

1. Досжан Асетов (ШҚО).

2. Санжар Досжанов (Нұр-Сұлтан).

3. Самат Қалтаев (ШҚО)

3. Қуаныш Дүйсенқұл (Алматы).

97 келі

1. Юнус Гафуров (Жамбыл обл).

2. Нұркен Көбейсінов (Ақтөбе).

3. Сержан Елеусіз (Шымкент).

3. Абылай Совет (Алматы обл).