Өскеменде пәтер іздеген тұрғындар алаяқтың арбауына түскен

291
көрілім

ШҚО тәртіп сақшылары жалдамалы пәтер мен автокөлік бөлшектерін іздеп жүрген облыс тұрғындарын алаяқтардан абай болуға шақырады, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.

Алаяқтық схема қарапайым құрылған және кең тараған, соған қарамастан қала тұрғындары онлайн алаяқтың құрбаны болып жатады.

Танымал жарнама сайттарының бірін қолданған белгісіз адам пәтерді жалға беру туралы жарнама орналастырады. Фотосуреттерде пәтер өте жайлы, әдемі, бағасы басқа жалға берілетін пәтерлерден әлдеқайда арзан көрсетілген. Клиенттермен сөйлескенде пәтер қаланың ыңғайлы ауданында, жақсы жағдайда екенін, оған үлкен сұраныс барын және тезірек алу үшін жалдау ақысын толығымен банк картасына аудару керек екенін айтады. Осылайша 23 жастағы облыс орталығының тұрғыны жоқ пәтерді 9 рет тапсырып, жәбірленушілерге 350 мың теңге көлемінде шығын келтірген.

Сондай-ақ танымал жарнама қызметтерінің бірінде белгісіз адам қосалқы бөлшектерді сатуға арналған жарнаманы орналастырған. Ұсынылған тауарлар мен қызметтер төмен бағамен, әдеттегідей алдын ала төлем жасауды талап етеді. Төлем жасалғаннан кейін алаяқ хабар-ошарсыз кеткен. Тергеушілер күдіктіні анықтап, қолға түсірді. Ол 34 жастағы қала тұрғыны болып шықты.

- Өзіңізді қорғау үшін қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтауыңыз керек. Атап айтқанда тауар үшін алдын-ала төлем жібермеңіз. Өнімнің қол жетімді екендігіне көз жеткізгіңіз келсе бейне қоңырау шалыңыз. Ондай жағдайда алаяқ сатушы бірден белгілі болады, - деді ШҚО Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Талғат Шаяхметов.

Айта кету керек, интернеттегі алаяқтардың шамамен 35% -ы қымбат жабдықтар мен аң терісі бұйымдарын сатумен, 15% - интернет-банкингті қолданумен, 12,8% - пәтер жалдаумен, 18,2% - интернетте автобөлшектер мен автомобильдер сатумен айналысады.