Өскеменде сауда орнында өрт шығып, 70 адам эвакуацияланды

257
көрілім

Өскеменде тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан сауда орнында өрт шығып, құтқарушылар 70 адамды эвакуациялады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Қалалық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, бүгін түнгі сағат 03.24-те Назарбаев даңғылында өрт шыққан. Оқиға орнына өрт сөндірушілер келіп жеткенше қызыл жалын сауда орнындағы сөрелерді, тауарлар мен терезелердің ағаш құрылымдарын шарпыған. Қауіпсіздік мақсатында көпқабатты тұрғын үйден 70 адам (46 ересек, 24 бала) шұғыл эвакуацияланды.

Өрт сөндірушілер жалпы ауданы 8 шаршы метрді құраған тілсіз жауды сағат 04.14-те ауыздықтады. Алдын ала мәлімет бойынша өрттің шығу себебі – тоңазытқыштың апаттық режимде қосылуынан болуы мүмкін. Осы ретте, Өскемен қаласының Төтенше жағдайлар басқармасының мамандары кәсіпкерлерден өз объектілерінде өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауды сұрайды