Өскеменде «Сергек» бейнебақылау камераларын скотчпен орап, сауда үйінде іш киіммен жүрген азамат ұсталды

370
көрілім

28 жастағы қала тұрғынына бірнеше айып бойынша әкімшілік құқықбұзушылық хаттама толтырылды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Естеріңізге салсақ, 4 қазан күні белгісіз біреу Әуезов даңғылындағы жол қиылысы мен Славский атындағы жағалау маңындағы «Сергек» бақылау камераларын скотчпен орап тастаған. Онымен қоймай бұл ісін әлеуметтік желілерге салып, видеосында барлық жүргізушілер мен қала тұрғындары үшін кек алғандығын айтты.

ШҚО ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, көшеде тәртіп бұзғаны былай тұрсын, сауда үйінде іш киіммен жүрген.

– Құқықбұзушыға қатысты бірнеше хаттама толтырылды. Материалдар сотқа жіберілді. Оған айыппұлдан бастап әкімшілік қамауға дейінгі жаза қолданылады, – деп мәлімдеді баспасөз қызметі.

Осыған ұқсас оқиға 6 қазан күні тағы жалғасын тапты. Полиция бөліміне белгісіз біреу бейнебақылау камерасын сындырып, өзенге лақтырып жібергендігін хабарлаған. Аталған оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.