Өскеменде ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының жұмысы талқыланды

669
көрілім

«Nur Otan» партиясы ШҚО филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес отырысында басқарманың жұмыс барысындағы кемшіліктері, қызмет көрсету кезінде енгізілген өзгерістер жайлы айтылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Ең алдымен сөз кезегі ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысына берілген болатын. Дегенмен жауапты тұлғаның келе алмауына қарай басқарма басшысының әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша орынбасары Айнұр Сұлтанова орындалған жұмыстарды қорытындылады.

– Пандемия кезінде бірқатар өзгерістер енгізілді. Жаңашылдықтар болғандығын да айта кеткен жөн. Облыс көлемінде аудандарда өзіне-өзі қызмет көрсету орталықтарының ашылуына күш салынуда. 276 адам «қандас» мәртебесіне ие болды. Қойылған сұрақтарына жауап алу үшін электронды каталогтар іске қосылған, – деді Айнұр Оралқызы.

Бұдан бөлек, қаңтар айының 1-нен бастап облыс көлемінде әлеуметтік сала қызметкерлерінің орташа жалақысы 1,5 есеге жоғарылаған. Қызмет көрсетудің екі түрі бойынша өткен жылы ешқандай арыз-шағым түспеген көрінеді. Дегенмен облыстық мәслихат депутаттары Айнұр Сұлтанованың сөзінен соң өз уәждерін білдіріп, басқарма тарапы жіберген олқылықтарға тоқталды.

– Кейде мекемелеріңіз ерекше қорғалатын нысан іспетті, – дейді Маржан Бахытқызы. – Осыған дейін атқарылып жатқан жұмыспен, халыққа қызмет көрсету сапасымен танысу үшін күзетшіден ары аса алмай жатамыз. Әупірімдеп жүріп кірдік, дегенмен «Кімсіз? Алдын ала жазылдыңыз ба? Қай жерден келдіңіз?» деп, толық ақпарат бермейінше босағадан қайтаруға әзір тұрады. Бұл бірінші кедергі. Одан соң басқарманың ресми сайтының асты жағында байланыс телефоны да көрсетілмеген. Кейбір ресми мәліметтерді де сайттан көре алмаймыз. Иә, жаңашылдықтар байқалады. Дегенмен сол жұмыстарды өздеріңіз көрсете алмай жатқан сыңайлысыздар.

Айнұр Сұлтанова жаз айларының басында басқармада жұмысшылар санын қысқарту болатындығын жеткізді. Бұл ретте кадрлар ауыстыру мәселесін меңзеді. Бос жұмыс орындары бар. Сөз барысында келген мамандардың жалақысы да мардымды болатындығын алға тартты.