Өскеменде «Шуақты шаңырақ» байқауының жеңімпаздары марапатталды

415
көрілім

Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін отбасылық «Шуақты шаңырақ» байқауында бақ сынауға биылғы жылы да өңірдің түкпір-түкпірінен біршама қатысушылар келген. 31 қазан күні сайыстың қорытындысы шығып, оза шапқандар марапатталды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Байқауға Өскемен, Семей, Алтай, Риддер қалалары мен Ұлан, Көкпекті, Үджар, Бородулиха, Жарма аудандарының жанұялары сынға түсті. Бұл шараның басты мақсаты – жас отбасыларды салауатты өмір салтын ұстануға шақыру.

– «Шуақты шаңырақ» байқауына қатысуға ниет білдірушілер дәс әуелі өз қала, ауданындағы сайыста топ жаруы керек. Өз өңірінде үздік атанғандар облыстық деңгейде бақ сынайды, – дейді облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Арайлым Есімбекова.

Тартысқа толы өткен сайыстың қорытындысы бойынша І орынды Ұлан, Көкпекті, Жарма аудандары мен Риддер қаласының отбасылары, II орынды Өскемен қаласының, Алтай және Аягөз аудандарының қатысушылары, III орынды Семей, Өскемен қалалары мен Үржар, Бородулиха аудандарының жанұялары иеленді.

Жеңімпаз атанған әр команда мүшесіне 50 мың теңгеден, екінші орын иеленген отбасыларға 30 мың теңгеден, үздік үштікті түйіндегендерге 20 мың теңгеден берілді.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ