Өскеменде Спорт күні атап өтілуде

400
көрілім

Биыл салтанатты түрде ашылып, көпке таныстырылған Теннис орталығы алдында ұйымдастырылған шара талай бапкер мен спортшы, қалың жанкүйердің басын қосты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйытқы болуымен спорттың бірнеше түрі бойынша арнайы көрсетілімдер ұсынылды. Көпшілік мұны мереке деп бағалады. Бірқатар спорт ардагері күн райы қолайлы, жұрт алдында өнер көрсеткен жас атлеттерге «жақ» болғанын айтты. Шараның ашылуында сөз алған облыстық мәслихат хатшысы Денис Рыпаков індет іргесі сөгіліп, шектеулер алынған соң ауқымды деңгейде тұңғыш рет қолға алынғанын жеткізді.

– Бұл үлкен мейрам. Халықаралық, әлемдік ареналарда өңір атынан ел құрамасы сапында бақ сынап жүрген спортшыларымыз жүлде ала берсін, бапкерлер жұмысына береке тілеймін. Көк туымыз Олимпиада ойындарының төрінен көрінсін, – деді мәслихат хатшысы.

Бұдан соң түрлі додаларда олжалы оралып жүрген жерлестерімізге де сөз кезегі берілді. Облыс спортының жетістігі дегенде тарбағатайлық Дарын Әскербек есімінің аталғаны орынды. Жуырда жасөспірімдер арасында Әлем чемпионы атанып, ел мерейін асырды.

– Күреспен тоғыз жасымнан бастап айналысып келемін. Елішілік, құрлықтық жарыстарда топ жарып, жүлдегер атандым. Жуырда жаһандық жарыста оза шауып, жанкүйерлерімді қуанта білгеніме бек қуаныштымын. Талмай еңбектенген әр спортшының биік шыңдарды бағындыратыны сөзсіз, – деді Дарын.

Күні кеше Түркияның Конья шаһарында өткен Ислам ынтымақтастық ойыдарында үстел теннисінен қола медаль иеленген Денис Жолудев те өзі директор болып сайланған Орталық алдында жиналған жұртты мерекемен құттықтады.

– Спорт денсаулық кепілі делінгенімен, әр адамға жаңа достар табуға себепші екендігін айта кетейік. Бастысы денсаулық. Спорт саласында тер төгіп жүрген баршаңызға амандық, шәкірттеріңіз жеңістерге жете берсін, – деді үстел теннисінен еліміздің спорт шебері.

Батутты гимнастикадан былтыр жастар арасында Әлем чемпионы атанған Игорь Грачев 15 жыл үзбей жаттыққандығының арқасында біршама жетістікке жеткенін айтты.

– Спорт мәнсабымда көптеген жүлде алдым. Елішілік жарыстардан бастап, халықаралық сайыстарда үздіктер қатарынан көріндім. Ірі бәсекелерді ел намысын қорғап жүргенімді мақтан етемін, – деді тәжірибелі гимнаст.

Бұдан соң жас спортшылар өнерлерін паш етіп, көрермен көңілін бір серпілтіп тастады.

Арасында бапкерлер зор үміт артқан таланттылары қаншама?! Алдымен дзюдо, сосын бокс, әрі қарай каратэ, футбол, көркем гимнастика, еркін күрес бойынша шеберліктерін көрсетті.

Әр спорттың өз ерекшелігі бар, соған қарай көпшілік алған әсер де әралуан.

Бірқатар бапкерлер мен спортшылардың еңбегі еленіп, Алғыс хаттар табысталды. Айталық, Ұлан ауданының балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде тоғызқұмалақтар талай жылдан бері бапкер болып жүрген Бақытбек Оразаманов ҚР «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісіне ие болды.

Облыс әкімінің орынбасары Шәкәрім Бұқтұғұтовтың Алғыс хаты да бірқатар спортшыға бұйырды.

Нақты айтсақ, Рио-2016 Олимпиадасында қола медаль иеленген Денис Уланов, сөз алған Дарын Әскербек, Денис Жолудев және Игорь Грачевке берілді.

Бұдан соң ҚР Мәдениет және спорт Министрлігінің Құрмет грамотасымен бапкерлер мен спорт саласынының мамандары марапатталды.

Шара барысы осылай өрбіді. Облыс спортының өркендеп, ілгерілеуіне үлес қосып жүрген біршама адамның есімі аталып, марапаттан кенде қалмады.

Салтанатты жиын соңына таяй бере гір көтеру мен қол күресінен бақ сынағысы келгендер төрешілерге барып, тіркеле бастады.

Қыздар да белсенуде. Ал Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежінің алдында бүлдіршіндер өзара жарысып, жүйріктерді анықтауда.

Әділхан ЕСІМХАНОВ, фотосуреттер автордікі