Өскеменде спортшылар әйгілі Қажымұқанның білек күшін қайталап көрді

1426
көрілім

Облыс орталығында алып күш иелерін анықтайтын «Batyrs' Battle» сайысы өтіп, жиналған жұрттың алдында бұла күш иелері бар мүмкіндіктерін паш етті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Өңіріміздің әр түкпірінен жиналған сегіз спортшы күні кеше О.Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежінің алдында бас қосты. Жарыс талабына сәйкес қатысушылар өздерін бес бағыт бойынша сынап көрді, айталық, ауыр қапты иықтан асыра көтеру, бөрене көтеру, темір майыстыру, табиғи тас көтеру, сондай-ақ белбеу белдесуі. Сайыстың басы-қасында жүріп, төрелік еткендердің айтуынша, бұл тек спорттық қана емес, мәдени шара болып саналады.


- Бір есептен, нартұлғалы бабамыз Қажымұқан Мұңайтпасовтың 150 жылдығын осылай атап өткізуді жөн көрдік. Балуанның өзі де бір кездері небір ауыр тастарды оп-оңай көтеріп, жуан темірлерді білегімен майыстырған-тұғын. Бүгінгі спортшылар да соларды қайталап көрмек. Сонымен қатар бұл шараның тәрбиелік мәні де зор. Себебі осындай сайыстар кейін өскелең ұрпақтың да рухын арттырары сөзсіз, - деді осындай тың жобаның авторы, талай рекордтардың иесі Сергей Цырульников.


Шараны ұйымдастыруға сүбелі үлес қосқан Қазақстан спортшылар одағының өкілдері мұндай бастаманы дәстүрге айналдыруды жоспарлап отырғандықтарын жеткізді. Мәдениет және спорт министрлігі, «Сәтті Жұлдыз» АҚ және «Sport Qory» туризм және спорт индустриясын қолдау Қоры тізе қосып, сайыстың жоғары деңгейде өтуіне атсалысқандығын айта кеткен орынды.


Иә, ешбірі де аянып қалмады. Қатысушылардың бойларының орташа ұзындығы 179 сантиметрді құраса, орташа салмақ 97 келіні көрсетті. Осы ретте салмағы 118 келі тартатын Салават Ахметқали барлық кезең бойынша өзгелерден жоғары нәтиже көрсетіп, топ жарды.

Жеңімпаздың грек-рим күресінен еліміздің спорт шебері әрі Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанғанын айта кетейік. Бұдан кейін Александр Никитин екінші орын иеленсе, Максим Осипов үздік үштікті түйіндеді.


Ұйымдастырушылардың айтуынша, Шығыс топырағында жалауын көтерген бәсеке әрі қарай Ақтөбе, Түркістан өңірлерінде, сондай-ақ елордада жалғасын таппақ.