Өскеменде «Татулықтың тірегі...» атты отбасы-пати өтті

662
көрілім

Отбасы күні мерекесі қарсаңында ШҚО балалар мен жасөспірімдер кітапханасында «Татулықтың тірегі...» атты отбасы-пати ұйымдастырылды.

Мерейлі отбасы – ынтымақ пен бірліктің ордасы. Дана халқымыз қашанда қара шаңырақтың беріктігі қазақы тәрбие де деп ерекше мән берген. Демек, әр шаңырақтың аман-саулығы кемел келешекке бастайды. Мерекелік шараға бағы мен берекесі асқан ерекше жанұялар қонақ болып қайтты. Атап айтсақ, әр сөзі өнегеге толы Зүкеновтер әулеті, көпбалалы Жансаповтар, интернационалды жанұя Шабданбековтер мен жас отбасы Мухамадиевтер шақырылды.

Жайдары жүздесу, сырлы сұхбат барысында отбасылық құндылық тақырыбы сөз болып, жанұя мүшелері өзара әдеби шығарма үзінділерінен танымдық тапсырма түрлерін бірлесе орындады. Сондай-ақ «Сана» білім орталығының жетекшісі, психолог Калима Жайлыбайқызы өткізген  «Бақытты отбасы» тренингіне де балаларымен белсене қатысты.

Жанұялар көңілді ойындар ойнап ғана қоймай, әсем ән тыңдап, кітапхана қорындағы отбасылық тәлім-тәрбиеге арналған кітап көрмесін де тамашалады. Кеш соңында бақытты жанұя үлгісіндей болған әр отбасыға Алғыс хат пен сый-сияпаттар табысталып, кітапхананың жас қызметкері, суретші Төленді Исағұлқызы бейнелеген отбасылық портреттік суреттер сыйға тартылды.

Ақтолқын ЖАНСАПОВА