Өскеменде Теннис орталығы ашылды

663
көрілім

Бірінші қабат жаттығу үшін, екінші қабаттағы үстелдер түрлі жарыстар өткізуге арналған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Сөзсіз, осыдан кейін тасада жүрген талай ауыл спортшысының томағасы сыпырылып, ірі жарыстарда бақ сынауға мүмкіндік алады десті ауданнан келген бапкерлер. Белгіленген уақытынан ерте басталған шараға бірқатар қоғам белсенділері мен спорт жанашыларының да кешігіңкіреп қалғандары рас. Десе де өңір намысын халықаралық додаларда абыроймен қорғаған Денис Жолудев директоры болып тағайындалған орталықтың ішіне бүккен басымдықтары барлық кемшіліктерді көлегейлеуге жетіп-ақ тұр.

ШҚО үстел теннисі федерациясының президенті Александр Тойбазаровтың айтуынша, бір мезетте 220-250 адам келіп жаттыға алады. Бірінші қабатта кез келген тұрғынға әзірлік жүргізуге арналған 40 үстел, екінші қабатта жарыстар өткізілетін 18 теннис үстелі бар. Жас ерекшеліктеріне қарамай спортпен айналысуларына болады. Басқа да жағдайлар жасалған дейді федерация президенті.

 

Соның бірі тренажер залы. Дене қыздырудан бастап төзімділікті арттырып, түрлі бағытта шеберлікті шыңдауға мүмкіндік беретін жабдықтармен қамтылған.


- Бұрын мұндай заманауи нысандарды тек ірі жарыстардан көретінбіз. Павлодар мен Алматы қалаларында бар. Әйтсе де бұл нысан солардан ауқымды екен. Енді ұл-қыздарымыз ауыл-аймақтан келіп жаттыға алады. Облыс көлемінде үстел теннисін дамытуға басымдық беріліп келеді. Ал бұл - жастарымыз үшін тамаша мүмкіндік, - деді жаттықтырушы, дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Қайрат Барбосынов.

 


Белгілі болғандай, қазіргі уақытта аталған орталықта бапкерлер тапшы. Федерация директоры Александр Тойбазаровтың айтуынша, олардың саны 22 болуы керек. Алдағы уақытта осы мәселе шешімін табуы тиіс.

 

Ал жұмысын бастап кеткен төрт жаттықтырушы спорт шеберлері. Анығы сол, жуық арада осы жерде ардагерлер арасында ел чемпионатын өткізу жоспарланған.