Өскеменде «Тіл шебері» облыстық байқауы өтіп жатыр

822
көрілім

А.С.Пушкин атындағы облыстық кітапханада өтіп жатқан конкурста қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген 21-35 жас аралығындағы жастар бақ сынауда, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Осымен бесінші мәрте өткізіліп отыр. Облыстық Мәдениет басқармасы мен Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығы тізе қосып ұйымдастырған шараға алты адам қатысуда.

Десе де үш тілді жетік меңгергендердің деңгейі өсіп, өзара бәсекелестіктің күшеюі сайыс көркін айтарлықтай  қыздырған. Жалпы, қазылар тарапы үш тілді білетін пән ұстаздарын, оқу орындарын енді бітірген жастарды барынша қолдауды басшылыққа алған. Осы ретте республикалық байқаулар ұйымдастырылатынын да айта кетейік. Дегенмен бүгінгі конкурста топ жарғаны аталған сыннан шет қалмақ. 


- Тіл мен Мәдениет басқармаларының бірігуіне байланысты уақытынан кешіктік. Десе де қала мен аудандарда іріктеу сындары өткізілгендіктен ұйымдастыруды жөн көрдік. Жастар қазір айтарлықтай белсенді. Алғаш бастаған жылдары көп қатысушылар орыс, ағылшын тілдерін жақсы біліп, мемлекеттік тілді білуде ақсап жататын. Қазір бұл жағы реттелген. Айталық, былтыр қазылар тарапы іріктеу бәсекесі кезінде жеңімпазды анықтауға қиналып қалған еді, - деді ШҚО Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Роза Төлемісова.


Байқау үш кезеңнен тұрады: Елтаным, Өнертаным және Сөзтаным. Арнайы мамандар жан-жақты саралап, үш тілде де сауалдарға тұщымды жауап беріп, өз өнерлерін ортаға салғандардың үздігін анықтайды. Топ жарып, жүлдегер атанғандар диплом мен бағалы сыйлықтарға ие болмақ.